
Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын жүзеге асыру аясында саланың цифрлық трансформациясы туралы баяндады, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің телеграм арнасы
Құралдардың бірі – кен байыту фабрикаларындағы цифрлық телнұсқалар. Олар кен құрамындағы пайдалы компоненттер мөлшерінің төмендеу мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Мысалы, KAZ Minerals-та бұл шешім мысты алу деңгейін 2%-ға, жалпы фабрика өнімділігін 7%-ға арттырды. 2028 жылға дейін digital twins ірі кәсіпорындардың кемінде 60%-на енгізу жоспарланып отыр.
Бұл тәсіл автомобиль өнеркәсібінде де енгізілуде. Жасанды интеллект өндірістің барлық негізгі кезеңінде – логистикадан бастап сапаны бақылауға дейін қолданылады. Соның нәтижесінде ақаулар саны 39%-ға азайды, ал өндірістік желідегі штаттан тыс жағдайлар 8 секунд ішінде анықталады. Сонымен қатар бір өндірістік желіде қайта баптауға тоқтамай, бірнеше брендтің моделдерін шығаруға болады.
Тағы бір бағыт – өнеркәсіптік роботтандыру. Мұндай жобаларды ауқымды түрде іске асыру үшін елімізде қажетті құзыреттер мен инфрақұрылым қалыптасып отыр.
«Мысалы, өнеркәсіптік роботтарды сынақтан өткізуге арналған базасы бар Farabi Robotics орталығы құрылып, автомобиль өнеркәсібімен практикалық жұмыстар жүргізілуде. Astana Hub базасында зерттеу және мамандарды даярлауға арналған робототехника алаңы жұмыс істейді. Келесі кезең – өнеркәсіптік сынақтан өткізу, оқыту және инжиниринг бағыттарын біріктіретін IFTC технологиялық полигонын құру», – деді министр.
Құрылыс саласындағы цифрлық трансформацияның келесі кезеңі – Building Information Model (BIM) технологиясын жаппай қолдану. Биыл 1 тамыздан бастап мектептер, әуежайлар, тоннельдер, көпірлер сияқты бірқатар техникалық жағынан күрделі объектілерде BIM қолдану міндеті енгізілді. 2028 жылға дейін техникалық жағынан күрделі нысандардың 100%-ында BIM қолдану жоспарлануда.
«Келесі бағыт – жасанды интеллектіні мемлекеттік сараптамаға енгізу. Бүгінде жасанды интеллект жобалық құжаттаманың толықтығын тексеру үшін қолданылады. Қазірде осындай тексеруден 864 жоба өтті. Мұндай тексеруге орта есеппен 6 минут қажет. Жалпы құжаттардың толықтығын тексеру мерзімі 5 жұмыс күнінен 2 жұмыс күніне дейін қысқарды. Жыл соңына дейін тағы үш жасанды интеллект модулі әзірленеді. Олар құжаттарды, сызбаларды, инженерлік желілер мен сметаларды автоматты тексеруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде мемлекеттік сараптаманың барлық негізгі процестеріне жасанды интеллект енгізу жоспарланып отыр», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Қазірде геология саласын цифрландырудың негізгі кезеңі аяқталды. Геологиялық ақпарат цифрлық форматқа көшіріліп, ашық қолжетімді болды. Мемлекеттік қызметтер цифрландырылып, Бірыңғай жер қойнауын пайдалану порталы арқылы берілуде. Аукциондарды цифрлық форматқа көшіру және геологиялық ақпараттың қолжетімділігі нәтижесінде аукциондардан түсетін кіріс 7 есеге өсті. Ендігі міндет – жасанды интеллектіні геологиялық деректерді талдауға және перспективалы учаскелерді анықтауға пайдалану.