
Оқу-ағарту министрлігі «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыруды жалғастырады. Бағдарлама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» идеясын тәрбие жұмысының өзегіне айналдыруға бағытталған
Бүгінде мектептегі тәрбие жұмысы жекелеген іс-шаралармен шектелмейді. Оқушының тұлғалық дамуына ықпал ететін тұтас тәрбиелік экожүйе қалыптасуда. Бағдарламаның алғаш рет ведомствоаралық деңгейде іске асырылуы тәрбие мәселесін мектептің ғана емес, мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
2026-2027 оқу жылында оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мақсатында 5-7-сыныптарға «Конституция негіздері», 8-11-сыныптарға «Заң және тәртіп» оқу курстары енгізіледі. Ал «Жеке қауіпсіздік» курсы балалардың қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамытуға және түрлі жағдайда дұрыс шешім қабылдауына бағытталады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында «Жасыл мектеп» пилоттық жобасы басталады. Жоба экологиялық білімді оқу үдерісіне кіріктіріп, оқушылардың табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруды көздейді.