Елордада тоғыз мектеп жаңартылды

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде мектептерді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Астанада осы бағыт аясында 22 мектепті жаңарту жоспарланған. Оның тоғызына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Солардың бірі — Көктал тұрғын алабында орналасқан №41 жалпы білім беретін мектеп. Мектептің негізгі ғимараты биылғы жазда толық күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай жаңартылды.

Жобалық қуаты 460 орынға есептелген мектепте әр жылдары 1 300-ден 1 500-ге дейін бала білім алған. Оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында биыл мектеп аумағында жаңа қосымша оқу корпусы пайдалануға берілді.

1 қыркүйекте ауданы 7 148 шаршы метр болатын жаңа үш қабатты корпус ашылды. Соның нәтижесінде мектептің оқу кеңістігі кеңейіп, оқушыларды орналастыру мүмкіндігі артты. Қазіргі уақытта мектепте 1 300-ге жуық оқушы білім алады.

Жаңартылған мектепте бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған білім беру кеңістігі бөлек ұйымдастырылған. Ескі ғимаратта 1–4 сынып оқушылары білім алады. Олар үшін жеке асхана, оқу кеңістіктері және жаңа корпусқа өтетін арнайы өткел қарастырылған.

«Биыл жазда ескі ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Барлық кабинеттер талапқа сай жабдықталып, жаңа жиһаз сатып алынды. Бұл ғимаратта бастауыш сыныптар орналастырылған. 1–4 сынып оқушылары бөлек білім алады, олар үшін жеке асхана және жаңа корпусқа өтетін өткел қарастырылған», — деді мектеп директоры.

5–11 сынып оқушылары жаңа ғимаратта білім алады. Мұнда 23 оқу кабинеті жабдықталған. Оның ішінде екі информатика кабинеті, робототехника кабинеті және STEM-зертхана бар.

Жаңа оқу кабинеттері заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Практикалық сабақтарға арналған кабинеттерде токарь және лазерлік станоктар, 3D-принтерлер, роботтар мен квадрокоптерлер орнатылған. Сондай-ақ тігін және аспаздық кабинеттері толық жабдықталған.

Бұдан бөлек, физика, химия және биология пәндеріне арналған мамандандырылған кабинеттер жаңартылып, мектепте толыққанды медициналық блок құрылды. Заманауи спорт залы мен асхана да жаңа корпуста орналасқан.

Мектепте білім беру процесіне цифрлық технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінеді. Оқушылардың тарихқа деген танымдық қызығушылығын арттыру мақсатында Ұлттық музеймен бірлесіп «Бозоқ» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 3D-көзілдіріктерді пайдалана отырып, виртуалды тарихи экскурсиялар өткізу жоспарланған.

Осылайша, жарты ғасырдан астам тарихы бар №41 мектепте ғимараттар ғана емес, білім беру ортасы да жаңарды. Күрделі жөндеу, жаңа корпус, заманауи кабинеттер мен цифрлық технологиялар оқушылардың білім алуына барынша қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді.