Қазақстан ұсынған бастама аясында Замбияда Халықаралық волонтерлер жылының ресми ашылуы өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ-ның тұрақты даму мақсатында жариялаған Халықаралық волонтерлер жылы аясында әлемнің түкпір-түкпірінде бірқатар іс-шара өтіп жатыр. Бұл бастаманы қолдаған Замбияда Халықаралық жылдың ресми ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Салтанатты іс-шара Мвинилунга ауданында «Әрбір үлес маңызды: волонтерлер қоғам дамуына үлес қосады» ұранымен ұйымдастырылып, елде волонтерлердің тұрақты дамуға қосқан үлесін насихаттайтын іс-шаралар өтті.

Оған жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Салтанатты рәсім барысында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің үндеуі оқылды.

Жиынның ресми ашылуы қарсаңында елде волонтерлік қызметті кеңінен дәріптеуге бағытталған науқан, экологиялық акциялар және қоғамдық орындарды абаттандыру шаралары ұйымдастырылды.

Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы азаматтардың әлеуметтік, экологиялық және гуманитарлық бастамаларға белсенді атсалуына бағытталады.