
БҰҰ штаб-пәтерінде Ауғанстандағы жағдай мен БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдемдесу миссиясының (UNAMA) қызметіне арналған Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Іс-шараға ҚК мүшелерінен бөлек, БҰҰ, Ауғанстан, Қазақстан, Үндістан және Иран өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігі
БҰҰ өкілдері қатысушыларды елдегі қазіргі ахуал туралы хабардар етті. Талқылаудың негізгі тақырыптары гуманитарлық қажеттіліктер, әйелдер мен қыздардың құқықтарына қойылған шектеулер, террористік қауіп-қатерлер, сондай-ақ Доха процесі шеңберінде халықаралық қоғамдастықтың Ауғанстанмен одан әрі өзара іс-қимылының перспективалары болды.
Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ мен UNAMA-ның орталық рөліне қолдау білдіріп, де-факто билікпен қағидатты әрі прагматикалық өзара іс-қимылды жалғастыру қажеттігін атап өтті.
«Өзара іс-қимыл мойындауды білдірмейді, алайда Ауғанстанды оқшаулау да орнықты шешім болып табылмайды. Біздің мақсатымыз – елдің гуманитарлық көмекке тәуелділіктен экономикалық өзін-өзі қамтамасыз етуге көшуіне жәрдемдесу», – деді Қ. Омаров.
Қазақстанның практикалық үлесі ретінде шамамен 319 тонна гуманитарлық көмектің жеткізілуі және медициналық миссияның жіберілуі, 400 ауған дихандарына көрсетілген қолдау, сондай-ақ сауда-экономикалық байланыстардың дамуы атап өтілді. Осы жылғы маусымда Ауғанстанда 50-ден астам қазақстандық компанияның қатысуымен бизнес-форум өтіп, Қазақстанның екінші Сауда үйі ашылды.
Қ. Омаров сондай-ақ Ауғанстанды өңірлік сауда және көлік байланыстарына қосудың маңыздылығын атап өтіп, Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығының әлеуетіне назар аударды. Қазақстан әйелдер мен қыздардың құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ терроризм мен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті жалғастыру қажеттігін де растады.
Айта кететін жайт, отырысқа ұсынылған БҰҰ Бас хатшысының баяндамасында қазақстандық делегацияның Кабулға сапары, Қазақстанның Сауда үйінің ашылуы және Алматыда Орталық Азия елдері мен ЕО-ның Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілдерінің кездесуінің өткізілуі жеке атап өтілді.