
Қазақстан Республикасының Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында 2026 жылғы 31 шілдеде «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында тарихи оқиға орын алды. Қазақстанда 70 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет табиғи мекеніне Амур жолбарысының Үміт атты аналығы жіберілді
Жолбарысты табиғи мекеніне жіберу оны тарихи мекендеу ареалына қайтару және популяциясын қалпына келтіру бағдарламасын іске асырудағы алғашқы практикалық қадам болды, деп хабарлайды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нұралыұлы Нысанбаев, Ресей Федерациясының Әділет министрі, «Амур жолбарысы» орталығының бақылау кеңесінің төрағасы Константин Анатольевич Чуйченко, сондай-ақ ғылыми қауымдастықтың, халықаралық табиғат қорғау ұйымдарының өкілдері және жолбарысты қайта жерсіндіру бағдарламасына қатысып жүрген сарапшылар қатысты.
Жолбарысты тарихи мекендеу ареалына қайтару жұмыстарының алдында Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және халықаралық серіктестер бірнеше жыл бойы бірлесіп ауқымды жұмыс жүргізді.
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нұралыұлы Нысанбаев:
«Бүгін біз шын мәнінде тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Қазақстан аумағында жолбарыс жойылып кеткеніне 70 жылдан астам уақыт өткен соң алғаш рет жолбарыс өзінің тарихи мекендеу ареалына қайта жіберілді. Бұл – мемлекетіміздің, ресейлік әріптестеріміздің, ғалымдар мен халықаралық серіктестердің көп жылғы бірлескен еңбегінің нәтижесі. Алда жолбарыстарды тұрақты бақылау және орнықты популяция қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыс күтіп тұр. Дегенмен бүгін осы маңызды істің алғашқы әрі аса маңызды қадамы жасалды.»
«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағы кездейсоқ таңдалған жоқ.

Оңтүстік Балқаш өңірі мен Іле өзенінің бойы тарихи тұрғыдан жолбарыстың табиғи мекені болған.
Бұл аумақта Орталық Азиядағы ең ірі жыртқыштардың бірі – Тұран жолбарысы мекендеген.
Бірегей тоғайлы ормандар мен мол қоректік база оның тіршілік етуіне қолайлы жағдай қалыптастырған.
Алайда ХХ ғасырдың ортасында тоғайлы ормандар алқабының қысқаруы, жабайы тұяқты жануарлар санының азаюы және браконьерліктің салдарынан жолбарыс Қазақстан аумағынан толықтай жойылды.
Жолбарыстың соңғы рет кездескені туралы нақты деректер осыдан 70 жылдан астам уақыт бұрын тіркелген.
Бүгінде жүзеге асырылып жатқан бағдарлама жолбарысты оның тарихи мекендеу орындарына қайтаруға бағытталған. Бұған дейін мемлекет табиғи экожүйені қалпына келтіру және жолбарыстың қайта оралуына қажетті жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыс атқарды.
Жолбарысты тарихи мекендеу ареалына қайтаруға дайындық 10 жылдан астам уақыт бойы жүргізілді.
Осы кезеңде мемлекет ауқымды жұмыстарды жүзеге асырды: «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды, жолбарыстың табиғи ортаға қайта оралуына қажетті жағдай жасалды, оның негізгі қорек қоры болып саналатын жабайы тұяқты жануарлардың санын көбейту жұмыстары жүргізілді, жануарларды ұстау мен бейімдеуге арналған арнайы вольерлер салынды, қажетті инфрақұрылым қалыптастырылып, тұрақты ғылыми мониторинг ұйымдастырылды.
2026 жылғы мамыр айында Ресей Федерациясының қолдауымен Қазақстанға табиғи ортадан ауланған төрт Амур жолбарысы жеткізілді: екі ересек жолбарыс және 6–7 айлық екі жолбарыс.
Қазақстанға жеткізілгеннен кейін жануарлар «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында арнайы салынған бейімдеу вольерлеріне орналастырылды.
Табиғи ортаға жіберілер алдында Үмітке кешенді ветеринариялық тексерулер жүргізіліп, қажетті сынақтардан өтті.
Мамандар оның денсаулық жағдайын, мінез-құлқын, аңшылық қабілетін және адамға реакциясын тексерді.
Тексеру нәтижесінде Үміттің табиғи ортада өз бетінше тіршілік етуге дайын екені туралы шешім қабылданды.
Табиғи ортаға жіберілер алдында Үмітке заманауи GPS/GSM спутниктік қарғыбау тағылды.
Қазіргі уақытта Үмітке спутниктік қарғыбау, фототұзақтар желісі және басқа да заманауи бақылау құралдары арқылы тәулік бойы тұрақты мониторинг жүргізілуде.
Мамандар нақты уақыт режимінде оның қозғалысын, жаңа ортаға бейімделуін және жаңа аумақты игеруін бақылап отыр.
Жолбарыс қоректік тізбектің шыңындағы жыртқыш әрі табиғи тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқарады.
Оның қайта оралуы табиғи экожүйесі сақталған және қорек қоры жеткілікті аумақтарда ғана мүмкін.
Сондықтан жолбарыстың қайта оралуы тек осы түрді ғана емес, сонымен қатар Оңтүстік Балқаш өңірінің тұтас экожүйесін қалпына келтіруді білдіреді.
Аталық жолбарыс мамандардың тұрақты бақылауында болып, қажетті мінез-құлық сынақтарынан өтуді жалғастыруда.
Оны табиғи ортаға жіберу туралы шешім барлық сынақтар аяқталып, өз бетінше тіршілік етуге толық дайын екені расталғаннан кейін қабылданады.
Қазақстанға 6–7 айлық кезінде жеткізілген екі жолбарыс арнайы жабдықталған «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының вольерлерінде өсіп, жетіліп келеді.
Олар 18 айлық жасқа толғанға дейін мамандардың тұрақты бақылауында болады.
Әр жолбарыс бойынша ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық сынақтары аяқталғаннан кейін оларды табиғи ортаға жіберу мүмкіндігі туралы жеке шешім қабылданады.
Жобаны іске асыру Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының тығыз ынтымақтастығының, сондай-ақ халықаралық табиғат қорғау ұйымдары мен ғылыми қауымдастықтың қолдауының арқасында мүмкін болды.
Бұл жоба сирек кездесетін жануарлар түрлерін сақтау саласындағы тиімді халықаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болып табылады.
Үміттің табиғи ортаға жіберілуі жолбарысты тарихи мекендеу ареалына қайтару бағдарламасын практикалық іске асырудың алғашқы кезеңі болды.
Алдағы уақытта қалған жануарлар дайын болған сайын жұмыс жалғасады.
Бағдарламаның түпкі мақсаты – Іле өзенінің бойы мен Оңтүстік Балқаш өңірінде жолбарыстың орнықты популяциясын қалыптастыру.

