1 миллионнан астам қазақстандық телемедицина қызметтерін пайдаланды

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырудың, әсіресе ауылдық және шалғай елді мекендер тұрғындары үшін маңызды құралдарының бірі ретінде телемедицинаны жүйелі түрде дамытып келеді

Бүгінде телемедицина қызметтеріне 655 медициналық ұйым қосылған. Олардың әлеуетті қамту ауқымы 2 миллионнан астам адамды құрайды. Қазіргі таңда 1 миллионнан астам пациент телемедициналық консультациялар алған. Бұл қашықтан медициналық көмек көрсету форматына деген жоғары сұранысты көрсетеді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Телемедицина шалғай өңірлердің тұрғындарына бейінді мамандардың кеңесін уақытылы алуға мүмкіндік береді, медициналық көмекті күту мерзімін қысқартады, облыстық және республикалық клиникаларға бару қажеттілігін азайтады әрі пациенттерді тұрғылықты жері бойынша үздіксіз бақылауды қамтамасыз етеді.

Денсаулық сақтау министрлігі алғаш рет қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтердің нақты тізбесін айқындап, онлайн-қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын бірыңғай талаптарды белгіледі.

Сонымен қатар, министрліктің жаңа бұйрығында телемедициналық қызметтерді көрсету кезінде қолданылатын технологиялар мен жабдықтар айқындалып, оларды ұсыну шарттары кеңейтілді.

4 мыңнан астам медициналық ұйым бірыңғай телемедициналық желіге қосылады

Телемедицинаны дамытудың келесі кезеңі – телемедициналық инфрақұрылымды еліміздің бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне кеңінен енгізу.

Алдағы уақытта 4 мыңнан астам денсаулық сақтау ұйымын, оның ішінде медициналық пункттерді, фельдшерлік-акушерлік пункттерді, дәрігерлік амбулаторияларды, бастапқы медициналық-санитариялық көмек орталықтарын, орталық аудандық және облыстық ауруханаларды заманауи телемедициналық жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, қазіргі заманғы цифрлық шешімдер қылмыстық-атқару жүйесінің 72 мекемесінде енгізіліп жатыр. Бұл аталған санаттағы пациенттердің мамандандырылған медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Жобаны іске асыру нәтижесінде ауылдық жерлерде тұратын шамамен 7,5 миллион тұрғынды қамтуға мүмкіндік беріліп, Қазақстанның барлық аумағында медициналық көмекті қашықтан көрсетудің бірыңғай заманауи жүйесі қалыптастырылады.

Цифрлық технологиялар мектеп медицинасында енгізіледі

Министрліктің басым бағыттарының бірі – мектеп медицинасын цифрландыру. Телемедициналық шешімдерді 6 900-ден астам мектепке енгізу жоспарланып отыр. Бұл 3,6 миллионнан астам оқушыны қамтиды.

Цифрлық сервистерді пайдалану профилактикалық тексерулер жүргізуге, қашықтан консультациялар ұйымдастыруға, балалардың денсаулық жағдайын бақылауға, сондай-ақ профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттырып, ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді.

Жыл басынан бері 2 миллионнан астам қашықтан медициналық қызмет көрсетілді

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, биылғы жылдың басынан бері Қазақстанның барлық 20 өңіріндегі 709 медициналық ұйым халыққа 23,1 миллионнан астам медициналық қызмет көрсетті. Оның ішінде 2,17 миллионнан астам қызмет қашықтан ұсынылды.

Телемедициналық қызметтердің үлесі 9,4%-ға жетті. Бұл цифрлық технологиялардың практикалық денсаулық сақтау саласында кезең-кезеңімен дамып келе жатқанын көрсетеді.

Телемедициналық технологиялар ең белсенді түрде Ақтөбе облысында (13,66%), Алматы қаласында (12,42%), Батыс Қазақстан облысында (11,04%), Қызылорда облысында (10,99%), Қарағанды облысында (10,95%), Павлодар облысында (10,62%) және Түркістан облысында (10,00%) қолданылады.

Бірыңғай медициналық деректер қоймасы цифрлық денсаулық сақтау экожүйесінің негізіне айналады

Цифрлық трансформацияның маңызды бағыты – денсаулық сақтау саласының бірыңғай цифрлық экожүйесін құру.

Поликлиникалардың, стационарлардың, зертханалардың, мектеп медицинасының және телемедициналық сервистердің ақпараттық жүйелерін Бірыңғай медициналық деректер қоймасына біріктіру, кейіннен жинақталған ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыну көзделген.

Бұл басқарушылық шешімдерді объективті деректер негізінде қабылдауға, саланы басқарудың тиімділігін арттыруға, медициналық көмектің сабақтастығын қамтамасыз етуге және денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық кеңістігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Заманауи телемедицина – тек консультациялар ғана емес

Бүгінде телемедицинаның ең сұранысқа ие форматтары – қашықтан консультациялар мен консилиумдар.

Сонымен қатар, Министрлік пациенттерді қашықтан мониторингтеу, телеметриялық электрокардиография, жасанды интеллект технологиялары және басқа да заманауи цифрлық сервистерді дамытуда зор әлеует бар деп есептейді.

Телемедицинаны дамыту жөніндегі кешенді шараларды іске асыру ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге, медициналық ұйымдардың жұмыс тиімділігін арттыруға және әрбір пациенттің қажеттілігіне бағдарланған заманауи цифрлық денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.