Антибиотиктерді рецептсіз сатқандарға 8,2 млн теңгеден астам айыппұл салынды

Қазақстанда микробқа қарсы препараттарды босату тәртібінің сақталуына қатысты тексерулер жалғасуда. 2026 жылдың басынан бері ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері антибиотиктерді дәрігердің рецептісіз сатқаны үшін 38 хаттама (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабының 1-бөлігі бойынша )толтырды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 8,2 млн теңгеден асты, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Салыстырмалы түрде айтсақ, 2023 жылы 3,5 млн теңгеден астам сомаға 26 хаттама, 2024 жылы 7,6 млн теңгеден астам сомаға 45 хаттама, ал 2025 жылы 9,5 млн теңгеден астам сомаға 59 хаттама жасалған.

Дәріханаларда рецептісіз сатуға жиі әрекет жасалатын антибиотиктердің қатарында «Азитромицин», «Цефтриаксон», «Цефазолин» және «Ципрофлоксацин» бар.

Антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз қабылдау бактериялардың дәрілік препараттарға көнбеушілігінің қалыптасуына әкеледі. Соның салдарынан инфекциялық ауруларды емдеу қиындап, антибиотиктердің тиімділігі төмендейді.

Осындай препараттардың айналымын бақылауды күшейту мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Цифрлық экономиканы дамыту орталығымен бірлесіп, жоғары тәуекел тобына жататын дәрілік заттарға міндетті электрондық рецепт енгізу жұмыстарын жүргізуде. Бұл жүйе тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесімен интеграцияланады.