
Алматыда полицейлер көліктен шыққан өртті дер кезінде сөндірді, – деп хабарлайды Polisia.kz
Кешкі сағат жетілер шамасында «102» пультіне Қажымұқан көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің ауласында өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына полиция қызметкерлері үш минут ішінде жетті.
Анықталғандай, Lexus автокөлігінен өрт шыққан. Полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында өрттің одан әрі таралуы мен ықтимал жарылыстың алдын алу мүмкін болды. Жақын маңдағы тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіру, сондай-ақ аумақта тұрған көліктерді қауіпсіз жерге жылжыту шаралары қабылданды.
– Хабарлама түскен бойда дереу оқиға орнына келдік. Жағдай жедел әрекет етуді талап етті, өрттің таралу және жарылыс қаупі болды. Ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз еттік: тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарып, аумақты көліктерден босату шараларын қабылдадық. Үйлесімді іс-қимылдың нәтижесінде ауыр салдарға жол берілмеді, – деді Медеу аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Бағдат Әукен.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ, ауыр зардаптарға жол берілмеді.