
Қарағанды облысында мефедрон өндірумен айналысқан ірі есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды
Полиция қызметкерлері зертханаға қатысты жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, трансұлттық қылмыстық топтың екі мүшесін ұстады, деп хабарлайды ҚР Iшкi iстер министрлігі.
Операцияны Қарағанды облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыстық ҰҚК департаменті және прокуратурамен бірлесіп жүргізді.
Жедел әзірлеме трансұлттық қылмыстық топқа қатысты жүзеге асырылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, топ мүшелері Қазақстан және көршілес мемлекеттер аумағында аса ірі көлемде есірткі құралдары мен психотроптық заттарды дайындап, кейіннен заңсыз өткізуді көздеген.
Жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларының нәтижесінде 48 және 28 жастағы екі күдікті ұсталды.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 48 жастағы күдікті қылмыстық топтың ұйымдастырушылық мәселелеріне жауап берген. Ол жаңа қатысушыларды тартып, олардың әрекетін үйлестіріп отырған. Ал 28 жастағы күдікті зертхананың жұмысын тікелей ұйымдастырып, жаңа қатысушыларды есірткі құралдары мен психотроптық заттарды дайындау тәсілдеріне үйреткен.
Зертхана аумағында жүргізілген тінту барысында көлемі 50 тонна болатын өнеркәсіптік цистерна анықталды. Оның ішінде шамамен 16 тонна пайдаланылған өнім мен сұйықтық болған.
Сонымен қатар көлемі бір тоннадан болатын екі ыдыс, 20 литрлік үш канистр және ұнтақ тәрізді заттардың қалдықтары бар 10 полимер қап тәркіленді. Ыдыстардың ішінен өткір химиялық иісі бар заттардың қалдықтары табылған.
– Өнеркәсіптік цистернадан зерттеу үшін 10 литр сынама алынды. Мамандардың қорытындысына сәйкес, ұсынылған үлгіден мефедрон анықталды. Зерттелген сынамадағы есірткі затының салмағы 1 келі 723 грамды құрады, – деді Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов.
Мамандардың алдын ала есептеуіне сәйкес, анықталған заттың көлемі мен зерттеу нәтижелерін ескере отырып, дайын мефедронның ықтимал көлемі 2 тоннаға дейін жетуі мүмкін.
Бұл шамамен 2 миллион бір реттік доза. Яғни аталған көлем есірткінің заңсыз айналымына түскен жағдайда, миллиондаған адамға қауіп төндіруі ықтимал еді. Оның заңсыз нарықтағы алдын ала құны 40 миллиард теңгеге дейін бағаланып отыр.
– Осылайша, құқық қорғау органдары аса ірі көлемдегі есірткі партиясы заңсыз айналымға түспей тұрып, ауқымды есірткі өндірісінің жолын кесті, – деп атап өтті Негмет Исмагулов.
Екі күдіктіге де қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Қылмыстық әрекеттің барлық мән-жайы, шикізаттың жеткізілу арналары, күдіктілердің ықтимал байланыстары және трансұлттық қылмыстық топтың өзге де қатысушылары анықталуда.
Есірткі зертханаларын анықтау және олардың қызметін тоқтату, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналым арналарының жолын кесу бойынша жұмыстар “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында жалғасуда.
