
Біріншіден, конкурстық рәсімдер түбегейлі қайта қаралды. Оларды өткізу мерзімі 6 айдан 1,5 айға дейін қысқартылды. Нәтижесінде, 2025 жылы бұрын жылына 2 конкурс өткізілсе, қазір 6 конкурс аяқталды.
Екіншіден, кадрлық пул кеңейтілді. Алғаш рет ауқымды онлайн-семинарлар циклдері өткізілді. Бұл шамамен 40 іс-шара, оған заң қоғамдастығының 13 мыңнан астам өкілі қатысты. Осы іс-шараларға қатысушылардың көбі судья болуға шешім қабылдады. Нәтижесінде бәсекелестік артты: аудандық сот судьясының бір бос орнына орта есеппен 12 кандидаттан келді.
«Үшіншіден, тағайындау тәсілдері өзгертілді. Бұрын бос орындар негізінен жүйе ішіндегі жұмыс істеп жүрген судьяларды ауыстыру арқылы толтырылатын. Алайда бұл бос орындарды толық жабуға ықпал етпеді. Қазір басымдық жаңа кандидаттарға, оның ішінде Әділет академиясының түлектеріне берілді. Соның нәтижесінде қазіргі таңда тағайындалғандардың ішіндегі жұмыс істеп жүрген судьялардың үлесі 31%-дан 14%-ға дейін төмендеді. Бұл, сөзсіз, жаңа мамандардың келуін және сот жүйесінің кадрлық құрамының жаңаруын қамтамасыз етті», – деді спикер.
Оның айтуынша, бұрын Жоғары Сот Кеңесінің негізгі міндеті кадр тапшылығын тежеу болса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша алғаш рет бұл тапшылықтың өсу үрдісін бұзып, оны жүйелі түрде қысқартуға көшу мүмкін болды. 2025 жылы 151 судья тағайындалып, кадрларды толықтыру деңгейі 130%-дан асты. Яғни жүйе алғаш рет тек кадрлардың кетуін өтеп қана қоймай, таза өсімді қамтамасыз етті. Сондай-ақ соңғы 5 жыл бойы үміткерлердің болмауына байланысты конкурс өтпеген 64 проблемалық бос орын алғаш рет жабылды. Бұл, көбіне, шалғайдағы соттарға қатысты болды. Оң динамика 2026 жылы да жалғасуда. Жалпы бос орындар саны 350-ден 230-ға дейін қысқарды.
Қазір Жоғары Сот Кеңесі ұсынған тағы 41 кандидат арнайы тексеруден өтіп, соттарда тағылымдамадан өтуде. Оларды тағайындағаннан кейін бос орындардың жалпы саны 189-ға дейін қысқарады деп күтілуде. Осылайша, Кеңестің бағалауынша, сот жүйесіндегі кадрлық жағдай тұрақты тұрақтану кезеңіне өтті.
Былтыр біліктілік емтиханын реформалауға да ерекше назар аударылды. Біліктілік емтиханының сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылданды. Психологиялық тестілеу жиілігі жылына 3 реттен 6 ретке дейін ұлғайтылды. Біліктілік комиссиясының құрамы 40%-ға жаңартылды. Комиссия отырыстары бұрынғыдай айына 1 рет емес, 4 ретке дейін өткізіледі. Біліктілік емтиханынан өту мерзімі 1,5 жылдан 3 айға дейін қысқартылды. 2025 жылы 12 емтихан өткізілді. Сонымен қатар, біліктілік емтиханына қойылатын талаптарды күшейту жұмыстары жүргізілуде. 2018 жылдан бері алғаш рет тест сұрақтарының базасы толық жаңартылды. Сараптамалық бағалаудан өткен және сапалы аударылған шамамен 1000 жаңа тапсырма әзірленді. Қосымша кандидаттардың адалдығын тексеру үшін ашық дереккөздер, оның ішінде БАҚ пен әлеуметтік желілер бойынша мониторинг енгізілді.