происшествие

Елордада ірі көлемдегі есірткі тәркіленді

Астана қаласында полицейлер жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі заттарын заңсыз сақтауға қатысы бар екі тұрғын ұсталып, ірі көлемдегі тыйым салынған заттар тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алғашқы жағдайда автобус аялдамаларының бірінде полиция қызметкерлері 40 жастағы әйелді ұстады. Жеке тінту кезінде оның сөмкесінен өзіне тән иісі бар, сұр-жасыл түсті зат салынған ірі орама табылды. Сараптама нәтижесінде аталған заттың гашиш екені анықталды. Оның жалпы салмағы шамамен бір келіні құрады.

Тергеу барысында күдіктінің тұрғылықты мекенжайы да тексерілді. Пәтердегі ас үй плитасының ішінен осыған ұқсас зат салынған қара пакет табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Сонымен қатар жедел шаралар барысында тағы бір 40 жастағы ер адам ұсталды. Жеке тінту кезінде оның жанынан синтетикалық есірткі — мефедрон салынған бірнеше орама табылды. Бұдан бөлек, күдіктінің шұлығының ішіне жасырып қойған тағы бір орама анықталды. Барлық тәркіленген заттар сараптамаға жіберіліп, күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Астана қаласының полиция департаменті есірткі құралдарын заңсыз сақтау, тасымалдау және тарату ауыр қылмыс болып саналатынын ескертеді. Құқық қорғау органдары есірткі қылмыстарының жолын кесу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып жатыр.

Полиция азаматтарды есірткінің заңсыз айналымына қатысты қандай да бір ақпарат белгілі болған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button