Олжас Бектенов: Жаңа Конституция жобасы – болашаққа бағдарланған прогрессивті құжат

Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық ғылым академиясы мүшелері, мемлекеттік органдар басшылығы, бірқатар облыс әкімдері және бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен ғылым мәселелері, ғылыми жобаларды жүзеге асыру және Ұлттық ғылым академиясының әлеуетін экономиканың түрлі саласын дамытуға тарту мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі

Президенттің экономика салаларын цифрлық трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында ғылым мен нақты сектор кооперациясын нығайту, сондай-ақ ғалымдарды қолдау шаралары талқыланды.

Жиынды ашқан Премьер-министр жаңа Конституция жобасын ашық әрі нақты түсіндірудің маңыздылығына тоқталды. Құжатта қоғамда болып жатқан жоспарлы саяси және экономикалық өзгерістер көрсетіліп, ел дамуының жаңа бағдарлары, оның ішінде білім, ғылым және инновация саласындағы басымдықтар белгіленгені атап өтілді.

«Ата Заңның жаңа жобасы – болашаққа бағдарланған прогрессивті құжат. Онда адам және оның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жария етілді. Біз Конституция жобасында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың “Заң мен тәртіп” жаппай үстемдік құрған, “Әділетті әрі таза Қазақстанды құру” идеясы халықтың кең қолдауына ие болғанын көріп отырмыз. Жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясы басты орынға қойылады. “Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” тұжырымдамасы саяси жүйенің тұрақтылығы мен сабақтастығын орнықтыра түседі», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Жаһандық деңгейдегі өзгерістер мен жоғары технологияның қарқынды дамуы және «орта державалар» рөлінің артуы жағдайында конституциялық реформаның заман талабына сай уақтылы жасалған қадам екені баса айтылды.

Талқылау барысында ғылыми ортаның өкілдері жаңа Конституция жобасын қолдап пікір білдірді. Ғылымды мемлекеттің тұрақты дамуының негізі ретінде шоғырлантыру жөніндегі бастамалар ерекше атап өтілді.

«Жаңа Конституция жобасы адам құқығы мен бостандығын мемлекеттің басты басымдығы ретінде бекітіп қана қоймай, Қазақстанның ұзақмерзімді ғылыми-технологиялық дамуының негізі саналады», — деп атап өтті Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.

«Бүгінгі таңда медицина ғылымының дамуы – ғылыми прогресс қана емес, сонымен қатар ұлттық қауіпсіздік пен орнықты денсаулық сақтау жүйесін нығайтудың негізгі факторы. Конституцияның жаңа жобасында ғылымды мемлекеттің тұрақты дамуының негізі ретінде қарастыру аса маңызды екені сөзсіз. Бұл ғылыми білім мен зерттеулердің және ғылыми кадрлардың еліміздің қосалқы емес, тікелей стратегиялық ресурсы екенін мойындауды білдіреді», — деді академик Вячеслав Локшин «өмір және денсаулық туралы ғылым» бағытын стратегиялық деңгейге шығару қажеттілігін атап өтіп.

Осыған байланысты жасанды интеллект және үлкен деректер базасында шешімдерді енгізу, цифрлық диагностика мен телемедицинаны дамыту, медицина ғылымының кадрлық әлеуетін нығайту мәселелері де күн тәртібінде өзекті бола түсті.

***

Жиынға қатысушылар ғылымның экономикаға қосатын үлесін арттыру мәселелері бойынша пікір алмасты. Бүгінгі таңда мемлекет қажетті жағдайлар жасау және бизнес тарапынан инвестиция салуды ынталандыру үшін жүйелі шаралар қабылдауда. Ғылыми әзірлемелерді қаржыландыруға жұмсалатын шығыстардың 300%-на дейін салықтық жеңілдіктер енгізілген. Бюджет кодексінде жер қойнауын пайдаланушылардың өндіруге жұмсайтын шығыстарының 1%-ын орталықтандырылған түрде бюджеттік бағдарлама арқылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) аудару міндеті бекітілген. Үш жыл ішінде республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру көлемі 3,5 есеге ұлғайып, 2026 жылы 214 млрд теңгені құрады. Президент 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті ЖІӨ-нің 1%-на дейін жеткізу міндетін қойды.

«Жалпы алғанда, отандық ғылымның тиімділігін, оның инвестициялық тартымдылығын, барлық процестердің айқындылығы мен ашықтығын арттыру бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізілуде. Академия еліміздің стратегиялық дамуына қолдау көрсететін негізгі зияткерлік орталыққа айналуы қажет. Дәл осы жерде экономиканы дамытудың ғылыми негізделген болжамдары жасалып, әлемдік инновациялық орталықтармен берік ғылыми байланыстар нығайтылуға тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев экономикаға ғылыми әзірлемелерді енгізуді жеделдетуге бағытталған шараларды ұсынды. Академия форсайтты жоспарлаудың тұрақты құралына айналдырғаны атап өтілді: мемлекеттік органдардың, ғылым мен бизнестің қатысуымен 70 өңірлік және салалық сессиялар өткізілді, 220 перспективалық міндеттер қалыптастырылды және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру үшін 65 ғылыми-техникалық тапсырмалар дайындалды. Бұдан басқа, жаңа төрт деңгейлі теңдестірілген басымдықтар жүйесіне көшу және оны Жоғары ғылыми-техникалық комиссия алаңында бекітіп алу ұсынылды. Бұл шешім стратегиялық міндеттерді шешуге және іргелі ғылымды қолдауға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңестердің маңыздылығы атап өтілді, олар жергілікті жерлерде ғылыми-инновациялық дамуды басқарудың пәрменді тетігі болуға тиіс.

Салалық мемлекеттік органдардың өкілдері ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың іс жүзіндегі нәтижелері туралы баяндама жасады. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев тау-кен металлургия кешені бойынша соңғы бес жылда сала кәсіпорындары шамамен 150 млрд теңге инвестициялап, 1,5 мыңнан астам жобаны жүзеге асырғанын атап өтті. Әзірлемелерді енгізу тікелей экономикалық тиімділікті және өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыруды қамтамасыз етеді.

Агроөнеркәсіп кешені саласында бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру және отандық әзірлемелерді енгізу нәтижелері ұсынылды. Мәселен, мемлекеттік тізілімде Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына еншілес ұйымдары әзірлеген отандық селекцияның 743 сорты мен гибриді тіркелген. Егіс алқаптарының шамамен 60%-ына қазақстандық тұқымдар егіледі. Соңғы екі жылда өңдеу саласында нарыққа өсімдік шаруашылығы өнімдерінің 11 түрі шығарылды.

Сондай-ақ өңірлердің ғылыми-инновациялық экожүйені дамыту жөніндегі ұсыныстары тыңдалды. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жоғары оқу орындарында зертханалық базаны дамыту, инновациялық технопаркте жобаларды жүзеге асыру және шетелдік ғалымдарды тарту туралы мәліметтерді ұсынды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сирек кездесетін және аса маңызды материалдарды зерттеуді дамыту, технологиялар трансфертін кеңейту және Horizon Europe аясындағы жобаны қоса алғанда, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жоспарларды таныстырды.

Сонымен қатар физика-математика ғылымдарының докторы, атом энергетикасы қауіпсіздігі, басқарылатын термоядролық синтез, радиоэкология және радиациялық технологиялар саласы бойынша профессор Эрлан Батырбеков, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев пікір білдірді. 2025 жылғы желтоқсанда Үкімет бекіткен Ғылымды шоғырландыру аумақтарын құрудың және дамыту тұжырымдамасы ғылыми әлеуетті шоғырландыруға, озық технологияларды жедел енгізуге және ғылыми кадрларды даярлауға жағдай жасайтыны атап өтілді. Кремний саласын дамыту мәселелеріне, соның ішінде кремнийді зерттеу саласындағы іргелі зерттеулерге және еліміздің технологиялық дамуы үшін маңыздылығын көрсете отырып, бейінді зауыттар салуға назар аударылды.

Жиын қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берілді.