Жаңа мамандықтар атластары әзірленді

Оның айтуынша, технологиялық және экономикалық өзгерістер жағдайында білім беру жүйесі мен еңбек нарығының нақты қажеттіліктері арасындағы тұрақты теңгерімді сақтау маңызды. Осы мақсатта кадрлар даярлауды экономика мен өңірлік даму сұраныстарымен жүйелі болжау және үйлестіру құралы ретінде Жаңа мамандықтар атластары әзірленді.
«Атлас – бұл жай анықтамалық емес, навигациялық құрал: ол қандай мамандықтардың пайда болып жатқанын, трансформацияланатынын немесе жойылып бара жатқанын көрсетеді. Әлемде мұндай құралдарды ЕО елдері, Сингапур және Канада кәсіптік бағдар беру және білім беруді жоспарлау үшін қолданады. Атластар «Мамандығым – Болашағым» жобасы аясында әзірленді. Нәтижесінде 20 өңірлік кадр қажеттілігі картасы әзірленді; 17 форсайт-мектеп құрылды; 350-ден астам адам форсайт-болжау әдістемесі бойынша оқытылды; экономиканың 27 саласы қамтылды; 1 800 салалық сарапшы тартылды. 235 мың оқушы кәсіби диагностикадан өтті. Осылайша, біз болашақ талапкерлермен оқуға түскенге дейін көп уақыт бұрын жұмыс істей бастап, мамандықты саналы түрде таңдауға негіз қалыптастырып жатырмыз», – деді Г.Көбенова.
Жобалау және зерттеу жұмыстары барысында 1000-нан астам жаңа мамандық анықталды. 540-тан астам трансформацияланатын мамандық айқындалды. 385-тен астам жойылып бара жатқан мамандық тіркеліп, 310 тереңдетілген сұхбат жүргізілді. Айта кетерлігі, әлеуметтік зерттеулерге 8 мыңнан астам респондент қатысты.
Мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру кезінде осы деректерді пайдалану кадрларды даярлау мен еңбек нарығының сұранысы арасындағы теңгерімсіздіктің алдын алуға мүмкіндік береді.
Ведомство Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, нақты жоспарлау үшін өңірлер кәсіпорындарының кадрлық қажеттіліктерін болжау сауалнамасын әзірледі. Ол персоналдың жас құрылымын, кадрлардың қысқаруы мен қартаюын, жас мамандардың кетуін және жұмыс орындарының трансформациясын ескереді. Бұл деректер мемлекеттік және өңірлік білім беру тапсырыстарын қалыптастыруға негізі болады.



