
Алматы облысының көпбейінді клиникалық ауруханасында көп ағзалық донорлық процесс жүргізілді, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, дәрігерлік консилиумның қорытындысы бойынша 1979 жылы туған пациентте мидың өлімі анықталды. Түсіндірме әңгімеден кейін туыстары қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беру туралы шешім қабылдады.
Барлық кезеңдерді ұйымдастыруды және үйлестіруді Трансплантаттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық қамтамасыз етті. Донорлық процесс барысында екі бүйрек, жүрек, бауыр және мөлдір қабық алынды.
Барлық донорлық ағзалар бейінді медициналық ұйымдарға жедел жеткізілді. Жүрек, бауыр, бүйрек және мөлдір қабықты трансплантаттау сәтті аяқталды. Медициналық көмек пациенттерге, оның ішінде республикалық күту парағында тұрған балаға көрсетілді, – делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігі туыстарына көрсеткен батылдығы мен басқа адамдардың өмірін сақтап қалуға қосқан үлесі үшін шын жүректен алғыс білдіреді.
2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша Қазақстанда трансплантаттауды күту парағында 4 506 пациент, оның ішінде 123 бала бар. Басым көпшілігі – 90%-дан астамы – бүйректі трансплантаттауды қажет етеді.