происшествие

«HAS» пирамидасы: тергеу жалғасуда

Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті «HAS» қаржы пирамидасының қызметінен зардап шеккен азаматтардың өтініштері негізінде жаңа эпизодтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады

Бұған дейін сот қаржылық пирамиданы ұйымдастырушыларды 6 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кескен болатын.

Жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеу мақсатында салымшылардың қаражатына сатып алынған, жалпы құны 1,2 млрд теңгеден асатын мүлік соттың шешімімен өндіріп алуға жіберілді, деп хабарлайды ҚР ҚМА Баспасөз қызметі.

Өндіріп алынған активтердің қатарында 4 пәтер, 18 автокөлік, 3 жер учаскесі, автотұрақ орындары, тұрғын емес үй-жай және банк шоттарындағы ақшалай қаражат бар.

Сот орындаушылары жәбірленушілерге 300 млн теңге көлемінде төлемдер жүргізді, – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта жалпы сомасы 821 млн теңгеден асатын залалмен 125-дан астам жәбірленушіден арыз түсті.

Сонымен қатар, салымшылардың қаражаты есебінен ұйымдастырушы елорда аумағында орналасқан, құны 525 млн теңге болатын жер учаскелерімен бірге «A.D.A.M. group» ЖШС-ін сатып алғаны анықталды. Аталған мүлік оны жасыру мақсатында ұйымдастырушының танысының атына рәсімделген.

Соттың санкциясымен көрсетілген мүлікке тыйым салынды.

Ағымдағы жылдың 6 қаңтарында күдіктілердің әрекеттері қайта сараланып, оларға ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету, қаржылық пирамиданы ұйымдастыру және жарнамалау, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру баптары бойынша айып тағылды.

Тергеу жалғасуда.

Қаржылық мониторинг агенттігі «HAS» қаржы пирамидасының қызметінен зардап шеккен азаматтарды аумақтық бөлімшелерге арызбен жүгінуге шақырады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button