происшествие

Қолайсыз ауа райы: полиция жолда сақ болуға шақырады

Полиция қызметкерлері қолайсыз ауа райында жолға шықпауға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

14 желтоқсанда Ақтөбе облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты барлық автомобиль жолы уақытша жабылды. Өңір аумағында қатты боран, бұрқасын болып, көріну деңгейі нөлге дейін төмендеді, бұл жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндірді.

Шектеулер енгізілген кезеңде тұрақтарда, автокемпингтерде және автомобиль жолдарының бойында жеңіл көліктер, жолаушылар автобустары мен ауыр жүк көліктерін қоса алғанда, 1500-ден астам көлік жиналды. Полиция қызметкерлері мен төтенше жағдайлар қызметі жағдайды тәулік бойы бақылап, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

15 желтоқсан таңертең өңірдегі ауа райы жағдайы тұрақталды. Жол жамылғысының жай-күйі мен қауіпсіздік деңгейі бағаланғаннан кейін қозғалысты кезең-кезеңімен қайта жандандыру туралы шешім қабылданды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері көлік құралдарын колонналарға біріктіріп, оларды сүйемелдеуді ұйымдастырды. Қозғалыс патрульдік экипаждардың бақылауымен, белгіленген жылдамдық режимін және барлық қауіпсіздік шарасын сақтай отырып жүзеге асырылуда.

Құқық қорғау органдары жүргізушілерді қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, ауа райы жағдайын ескеруге және полиция қызметкерлерінің нұсқауларын орындауға шақырады. Өңірде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button