«Жалғыз арша» республикалық дәстүрлі әншілер байқауы мәресіне жетті

Абай облысы әкімдігінің қолдауымен, Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның 80 жылдық мерейтойына арналған өнер апталығы аясында республикалық «Жалғыз арша» дәстүрлі әншілер байқауы өз мәресіне жетті.
Екі күнге созылған додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 35 өнерпаз қатысып, қазақтың дәстүрлі ән өнерінің бай мұрасын кәсіби деңгейде паш етіп, ұлттық әннің тереңдігі мен әуендік өрісін жан-жақты көрсетті.
Байқау барысында қазылар алқасы қатысушылардың дауыс мүмкіндігін, сахналық болмысын және дәстүрлі мектепті жеткізу шеберлігін жоғары талаппен бағалап, үздік өнер көрсеткендерді анықтады. Бас жүлде Астана қаласынан келген Келісқызы Айданаға табысталды. Бірінші орынды Астана қаласының өкілі Смагулова Замазагүл иеленді. Екінші орынға Астана қаласынан Тлеубеков Асет пен Алматы қаласынан Ораш Дәурен лайық деп танылды. Ал үшінші орынға – Алматы облысынан Сағындық Аружан, Астана қаласынан Майданов Камал және Жәкіш Фархад ие болды.
Сонымен қатар, Павлодар қаласының жас дарыны Рамазан Махамбет, Алматы қаласынан Өмірзақ Шешқанұлы және Қарағанды облысының өкілі Төкенов Қуандық өзіндік орындаушылық болмысымен ерекшеленіп, дипломант атанды.
Бұл байқау – қазақтың дәстүрлі ән өнерін дамытуға бағытталған игі бастамалардың бірі. Абай елінде ән мен өнердің мерейін үстем еткен осындай шаралар жас таланттардың жолын ашып, ұлттық руханиятымызды байыта беретіні сөзсіз.



