Фальсификацияланған алкоголь өнімдерін анықтауда изотоптық талдауды қолдану

Фальсификацияланған алкоголь өнімдері – зертханалық және санитариялық бақылаудың маңызды бағыты. Өндіріс технологиясының бұзылуы немесе шикізаттың ауыстырылуы кей жағдайда сыртқы белгілерінен немесе органолептикалық қасиеттерінен байқалмайды. Осыған байланысты өнімнің қауіпсіздігін бағалауда аспаптық зерттеу әдістерін қолдану қажеттілігі туындайды.
Зертханалық тәжірибеде кеңінен қолданылатын классикалық химиялық талдаулар этил спиртінің, метанолдың, сивуш майларының, жекелеген металдардың және өзге де қауіпсіздік көрсеткіштерінің деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Аталған талдаулар өнімнің санитариялық нормаларға сәйкестігін бағалауға көмектескенімен, шикізаттың нақты шығу тегін немесе технологиялық процестің түпнұсқалығын анықтауға әрдайым мүмкіндік бере бермейді.
Осы тұрғыдан алғанда, изотоптық талдау әдісі өнімді тереңірек зерттеуге мүмкіндік беретін тиімді құрал болып саналады. Бұл әдіс элементтердің табиғи изотоптық арақатынастарына негізделіп, көміртек, сутек және оттегінің изотоптық құрамын анықтау арқылы өнімге тән «изотоптық профиль» қалыптастырады.

Изотоптық зерттеулер Республикалық Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Референс-зертханасы базасында жүргізіледі. Зертханада орнатылған Thermo Fisher Delta Q изотоптық масс-спектрометрі мәлімделген шикізаттың шығу тегі мен оның нақты құрамының сәйкестігін бағалауға, сондай-ақ ықтимал алмастыру фактілерін анықтауға мүмкіндік беретін жоғары дәлдіктегі деректерді ұсынады.
Изотоптық талдау халықаралық зертханалық тәжірибеде кеңінен қолданыс тапқан әдіс болып табылады. Әсіресе алкоголь өнімдерін, шарап және спиртті сусындарды зерттеу кезінде технологиялық түпнұсқалығын, шикізат базасының анықтығын растау үшін тиімділігі жоғары екені дәлелденген.
Осы әдісті қолдану зертханалық сараптаманың мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді және классикалық химиялық талдаулармен анықталмайтын фальсификация белгілерін айқындауға жағдай жасайды.



