Ағзадағы йод тапшылығын білдіретін үш белгі

Йод – ағзаның теңгерімін ұстап тұратын маңызды элемент. Көп адам оны тек денсаулығы сыр бергенде ғана еске алады. Ал шын мәнінде, йод қалқанша безі арқылы ағзаның зат алмасу, жүрек пен ми, жүйке жүйесі сияқты негізгі үдерістерін үйлестіріп отырады.

Қазақстанда йод тапшылығы – кең таралған мәселе. Елдің шамамен жартысына жуық аумағында топырақ пен суда бұл элементтің мөлшері жеткіліксіз. Әсіресе оңтүстік және шығыс өңірлерде жиі байқалады.    Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Референс-зертханасы мамандарының айтуынша, йод жетіспеушілігін елемеуге болмайды – оның салдары көңіл күйге, есте сақтау қабілетіне және ойлау жүйесіне әсер етеді.

І. Тұрақты шаршау мен әлсіздік

Күн сайын өзіңізді шаршаңқы сезініп, ұйқыңыз қанбай, ынтаңыз төмендеп жүр ме? Мұның себебі тек күйзеліс не ауа райы болмауы мүмкін.
Йод жетіспегенде қалқанша безі энергия алмасуын реттейтін гормондарды аз бөледі. Соның нәтижесінде ағза баяулап, әлсіздік, ұйқышылдық пен ашушаңдық пайда болады.

ІІ. Есте сақтау мен зейіннің әлсіреуі

Йод – мидың толыққанды жұмыс істеуіне қажет элемент. Оның тапшылығы ойлау қабілетіне, есте сақтауға және зейін қоюға кері әсер етеді.
Бұл әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін маңызды, өйткені дәл осы шақта ми белсенді дамиды. Йодтың жетіспеуі баланың оқу үлгерімін төмендетіп, ойлау қабілетін баяулатады.

III. Қалқанша бездің ұлғаюы

Йод тапшылығы ұзаққа созылған жағдайда қалқанша без үлкейе бастайды – ағза осылайша жетіспеушілікті өтеуге тырысады. Мұндай өзгеріс мойын тұсындағы жеңіл ісінуден байқалуы мүмкін. Кейде йод тапшылығымен бірге салмақтың өзгеруі, дене қызуының төмендеуі немесе терінің шамадан тыс құрғауы байқалады. Осындай белгілер сезілсе, маманға қаралып, гормон деңгейін тексеру қажет.

Йод тапшылығының алдын алу жолдары

Йод жетіспеушілігінің алдын алудың ең оңай тәсілі – йодталған тұз бен теңіз өнімдерін пайдалану. Йод теңіз балығында, креветка мен кальмарда, теңіз қырыққабатында мол кездеседі. Тұзды ылғал мен күн сәулесінен алыс, құрғақ жерде сақтау маңызды, себебі йод тез ұшып кетеді. Дәрігерлер жүкті және бала емізетін әйелдерге, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерге йод деңгейін жүйелі түрде бақылап отыруды ұсынады.

Референс-зертхана мамандары еске салады: ағзадағы йод теңгерімін сақтау – тек дұрыс тамақтану мәселесі емес, ол жалпы денсаулықтың негізгі шарты. Йод тапшылығы біртіндеп қалыптасады, бірақ оның салдары ұзақ уақытқа созылады. Ал оны болдырмаудың ең қарапайым жолы — дұрыс тұз таңдаудан басталады.