Bek Air ұшағының апатына байланысты сот үкімі шықты

Алматыда 2019 жылы болған Bek Air ұшағының апатына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Сот марқұм ұшқыштар — Мейіржан Молдақұлов пен Марат Мұратбаевты Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі (әуе көлігін басқару немесе пайдалану кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу, әрекеттің абайсыздықтан екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғуы) бойынша кінәлі таныды. Олардың өмірден өтуіне байланысты қылмыстық жаза тағайындалған жоқ.

Сот жарыссөзінде прокурор Айдос Палманов ұшақ апатына әуе кемесін басқарған ұшқыштар кінәлі екенін айтты.

Ал жәбірленуші тараптың адвокаты қаза тапқан ұшқыштарды ақтап, олардың орнына Алматы халықаралық әуежайы мен Азаматтық авиация комитеті қызметкерлерін жауапқа тартуды сұрады.

Сондай-ақ ұшқыштардың әйелдері тағылған айыпқа наразылық білдірді.

Сот барысында Bek Air әуе компаниясының мүлкіне шектеу қойды.