
Қайырымдылық тақырыбына қайта тоқталайық. Қазан айының ортасында қазақстандықтардың табысының шамамен 1,2%-ын өзге адамдарға көмек көрсетуге жұмсайтыны туралы деректерді және олардың мұқтаж жандарды қолдау үшін ақшасын да, уақытын да аямайтынын жазған едік. Енді еліміздегі ең дәулетті азаматтардың қайырымдылық жобаларына қанша қаражат жұмсайтынын қарастырып көрейік, деп хабарлайды Ranking.kz сайтының сарапшылары
Бұл материал аясында біз Қазақстанның ең ауқатты 10 азаматының демеушілік белсенділігіне қатысты деректерді қарастырамыз. Мұндай адамдардың тізімін Forbes.kz порталы қазан айының басында жаңартқан болатын. Дәулетті қазақстандықтар рейтингісінде алғашқы орында он жылдан астам уақыт бойы қайырымдылықпен айналысып келе жатқан миллиардер Болат Өтемұратов тұр. Оның атындағы қор өз қызметі туралы қаржылық есептерді тұрақты түрде жариялап отыратын қорлардың бірі саналады. 2024 жылғы деректерге сәйкес қор өткен жылы қайырымдылық пен әлеуметтік жобаларға 51,9 млрд теңге жұмсаған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда, 2,8 есе көп. Қор ең алдымен көп жылдар бойы жүзеге асырып келе жатқан «Аутизм. Әлем баршаға ортақ» әлеуметтік бағдарламасымен танымал, бағдарламаның аясында еліміздің түрлі өңірлерінде аутизмі бар балаларға арналған 13 орталық қаржыландырылады. Ал өткен жылы қор жүзеге асырған ең қымбат жобалардың аясында Қызылорда әуежайындағы жолаушылар терминалының, Есік қаласындағы мектептің құрылысына қаржы бөлінді, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетілді және аз қамтылған отбасылар баспанамен қамтылды.
Дәулетті қазақстандықтар тізімінде екінші орында кәсіпкер Вячеслав Ким тұр. Ол бірнеше жылдан бері ANSA қайырымдылық қорын тұрақты түрде қаржыландырып келеді. Тек өткен жылдың өзінде қордың қолдауымен 2 мың қазақстандыққа жалпы сомасы 20 млрд теңгеден асатын көмек көрсетілді. Осы қаражат есебінен Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында су тасқынынан зардап шеккендер үшін екі көпқабатты үй, 300 жеке тұрғын үй және балабақша салынды. Esen Foundation жеке қорымен бірлесіп ауыл тұрғындарының сапалы білімге және медицинаға қолжетімділігін арттыруды көздейтін Baquatty Audan атты қайырымдылық жобасын іске қосты. Бағдарлама Ақмола облысының Целиноград ауданында іске қосылды. Қор бұл жобаға 298 млн теңге бөлді. ANSA қорының қолдауымен Ауылдық педагогикалық академия мен 5 Sandyq атты ауылдық қосымша білім беру орталығы құрылды. Сондай-ақ «Астана» медициналық университеті мен UMC Жүрек орталығының базасында 450-ден астам маман қосымша білім алды. «Инклюзия» бағыты аясында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолдау көрсетуге арналған арнайы кабинеттер ашылды. Аудандардағы бірнеше мектеп қайырымдылық қорынан инклюзивті оқытуға арналған жабдықтар — интерактивті панельдер, ISKU жиһазы, компьютерлер және қажетті дидактикалық материалдар алды.
Қордың спортты қолдау бағытындағы еңбегін де ерекше атап өткен жөн. Биыл ANSA қоры «Барыс» хоккей клубының импакт-серіктесі атанды. Бұл — қор енді балалар мен жасөспірімдер хоккейін дамытуға және дарынды спортшыларды қолдауға атсалысады деген сөз. Сондай-ақ қор демеушілігінің арқасында паралимпиадалық спорт түрі — бочча дамып келеді. 2025 жылдан бастап ANSA Қазақстанның бочча федерациясының ресми серіктесі болып табылады, қор халықаралық жарыстарды ұйымдастыруға көмектесіп, ұлттық құраманың дайындық жұмыстарына қолдау көрсетіп келеді.
Қазақстанның ең дәулетті бес кәсіпкерінің әрқайсысының өз қайырымдылық қоры бар. Олардың көпшілігі ашық қаржылық саясатты ұстанып, атқарылған жұмыстары, шығындары мен түсімдері туралы есептерді тұрақты түрде жариялап отырады. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев меценаттарды дәл осындай ашық әрі жауапты қайырымдылық қызметіне шақырды, осы бағытты дамыту мақсатында «Қайырымдылық туралы» Заңға тиісті өзгерістер де енгізілді.
Ең бай бес меценаттың қатарында Astana Group холдингінің негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов, қаржыгер Тимур Турлов және банкир Тимур Құлыбаев бар. Олардың әрқайсысының қайырымдылық саласында өзіндік бағыты бар. Мысалы, Құлыбаевтар әулетінің Halyk қоры мұқтаж жандарға көмек көрсету, мектептерді жабдықтау, балабақшалар салу және дарынды жастарға гранттар бөлу сияқты түрлі бағыттағы жобаларды жүзеге асырады. Ал Тимур Турлов шахматқа ерекше қызығушылық танытатындықтан, Қазақстан шахмат федерациясына қолдау көрсетіп келеді. Бұған қоса кәсіпкер балалар футболы мен экологиялық жобаларды дамытуға үлес қосып, гранттар беру арқылы дарынды жастарды қолдайды.
Forbes жасаған рейтингте 6-ыншы орыннан 10-ыншы орынға дейінгі қатарды иеленген Владимир Ким, Айдын Рахымбаев, Шухрат Ибрагимов, Андрей Лаврентьев және Кеңес Рақышев өз қаражатының бір бөлігін қайырымдылыққа бағыттайды. Алайда олардың бұл бағыттағы шығындары көп жағдайда ашық жарияланбайды. Ақпарат көбіне жекелеген әлеуметтік жобалардың нәтижелері бойынша БАҚ беттерінде жарияланады, сондықтан жалпы көріністі толық бағамдау қиын, кей кездері нақты сандар мүлде аталмайды.
Айта кетерлігі, көптеген кәсіпкерлер өздерінің жеке қорларымен шектелмей, өздеріне тиесілі емес ірі қайырымдылық ұйымдарына да үнемі қаржы бөліп тұрады. Мысалы, «Ана Үйі» қоғамдық қорының жұмысына бірнеше меценат, атап айтқанда, Шухрат Ибрагимов, Андрей Лаврентьев және басқа да кәсіпкерлер атсалысып келеді. Әрқайсысы Қазақстанның белгілі бір қаласындағы «Ана Үйінің» қызметін қаржыландыруға жауапты. Естеріңізге салсақ, «Ана Үйі» қоры әлеуметтік жетімдікті жою мақсатында құрылған болатын. Қор қызметкерлері қиын жағдайға тап болған аналардың өз баласынан бас тартпауына жағдай жасау үшін бар күшін салады.
Соңғы жылдары билік қайырымдылық бастамаларын белсенді қолдап келеді. 2023 жылдан бері елімізде әлеуметтік саланың дамуына айрықша үлес қосқан меценаттар мен қайырымдылық жасаушылар арасында байқау өткізіліп келеді. Биыл 33 қазақстандыққа «Құрметті қайырымды жан» атағы берілді, ал елде осындай мәртебелі атаққа ие адамдардың жалпы саны 164-тен асты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің деректеріне сүйенсек, қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша елімізде 1,3 мың қайырымдылық ұйымы жұмыс істеп тұр. «Игі істер марафоны» жобасының аясында биыл қазақстандықтар 2,5 мың қайырымдылық бастамасына қатысқан. Елімізде қазір 275 мыңнан астам еріктілер бар, олардың шамамен 3,5 мыңының жасы 55 жастан асқан.