Ақмола төрінде өткен құсбегілер додасы жеңімпаздарын анықтады

Ақмола облысында 23–26 қазан аралығында өткен Мәсіп Батырханұлы атындағы халықаралық құсбегілік турнирі аяқталды

Биылғы жарыс ұлттық өнер мен дәстүрлі спорт түрлерін дәріптеу, сондай-ақ халықаралық деңгейде құсбегілер арасындағы тәжірибе алмасуды көздеген маңызды спорттық шара ретінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Төрт күнге созылған дода барысында еліміздің тоғыз облысы мен Астана және Алматы қалаларынан, сондай-ақ Ресей, Моңғолия және Қытай мемлекеттерінен келген үздік құсбегілер бақ сынады. Барлығы 82 қыран құс — 53 бүркіт, 17 қаршыға және 12 ителгі тіркеліп, екі бағдарлама бойынша сынға түсті: қолға шақыру және шырғаға салу.

Жарыс 23 қазанда мандаттық комиссия отырысымен басталып, қатысушылар мен олардың қырандары ресми тіркеуден өтті. 24 қазан күні турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өткізіліп, жарыстың алғашқы кезеңі бастау алды. Алғашқы күндері бүркіт, қаршыға және ителгі құстары өздерінің шеберліктерін көрсетіп, бапкерлердің кәсіби деңгейін айқындады.

Турнирдің шешуші кезеңі мен ақтық сындарында тартыс жоғары болды. Әр құсбегінің баптау тәсілі мен қырандарының ептілігі, шапшаңдығы, қырағылығы әділқазылар тарапынан жоғары бағаланды.

Нәтижесінде жеңімпаздар келесідей анықталды:

Бүркіт салудан:

1 орын – Қазбек Нұрғазы (Қарағанды облысы)

2 орын – Жалғасұлы Серікболсын (Жамбыл облысы)

3 орын – Қошқаров Арман (Атырау облысы)

Қаршыға салудан:

1 орын – Бабажан Берікболсын (Жамбыл облысы)

2 орын – Серікбекұлы Ерасыл (Астана қаласы)

3 орын – Турсын Айгерим (Алматы қаласы)

 Ителгі салудан:

1 орын – Бабажан Бақдәулет (Жамбыл облысы)

2 орын – Кенжетаев Ерлан (Ақмола облысы)

3 орын – Оспанқұлов Таңат (Қарағанды облысы)

Мәсіп Батырханұлы атындағы турнир жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп, ұлттық рухты көтеру мен ата-баба мұрасы саналатын құсбегілік өнерін ұрпақ жадында жаңғыртуды көздейді. Биылғы жарыс соның жарқын дәлелі болды.

Айта кетейік, бұл турнирдің өтуіне «Құсбегілік» Федерациясы» РҚБ-нің Бас серіктесі – ҚР Туризм және спорт министрлігі, Ақмола облысының әкімдігі және «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ атсалысты.