
Астанада мас күйдегі ер адам тракторды айдап кетіп, ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласының Сарайшық аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Қошқарбаев көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің алдынан көк тракторды заңсыз айдап әкеткен ер адамды ұстады.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті түнгі уақытта мас күйінде тракторды айдап кетіп, біраз жүрген соң оны қаланың орталық көшелерінің біріне тастап кеткен. Көлік иесі оқиға туралы дереу полицияға хабарлаған. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті көп ұзамай қолға түсті.
Алдын ала мәлімет бойынша, оның әрекетінен трактор иесіне шамамен 500 мың теңге көлемінде материалдық шығын келген. Қазір бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция департаменті азаматтарды өз мүлкіне ұқыпты қарауға және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Атап айтқанда, арнайы техниканы (трактор, жүк көліктері және т.б.) қараусыз қалдырмау, кілтті көліктің ішінде тастамау және аулада немесе автотұрақтарда бейнебақылау жүйелерін орнату ұсынылады.