Қазақстанда қылмыстық істерді анықтау нәтижелілігі артып келеді

Қазақстанның қоғамдық қауіпсіздік жүйесінде екі тұрақты үрдіс байқалады: қылмыс деңгейінің төмендеуі және қылмыстық істерді ашу көрсеткішінің артуы. Алдымен екіншісіне тоқталайық. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің (БП ҚСжАЕК) деректеріне сәйкес 2023 жылдан биылғы жылдың қаңтар–тамыз айларына дейін қылмыстық істерді ашу деңгейі 10 пайыздық тармаққа өсіп, 46,3%-дан 56,3%-ға жеткен. Өсу қарқыны біртіндеп жүрді. Ең жоғары нәтиже 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында байқалды: осы кезеңде қылмыстарды ашу көрсеткіші шамамен 5 пайыздық тармаққа артты, деп хабарлайды Ranking.kz сайты.

Бірқатар өңірлерде қылмыстық істерді ашу деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен де жоғары болды. Мысалы, Атырау облысында бұл көрсеткіш бірден 13,2 пайыздық тармаққа артты. Қылмыстық істер ең көп орын алатын Алматыда да қылмысты ашу деңгейі шамамен 10 пайыздық тармаққа өсті. Қылмыстық істерді ашу бойынша ең жоғары көрсеткіштер тіркелген өңірлердің қатарында Маңғыстау (79,4%), Түркістан (77,1%) және Батыс Қазақстан (72,7%) облыстары да бар.

Қылмыс ауырлығының санаттары бойынша 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында ең жоғары ашу деңгейі аса ауыр қылмыстарға тиесілі болды: 96,1%. Ауыр қылмыстар бойынша да көрсеткішті жоғары деуге болады: 68%. Ал мүліктік сипаттағы қылмыстарға келсек, ұрлық немесе алаяқтық істерінде кінәлі тұлғаны анықтау әлдеқайда қиын. Бұл мұндай қылмыстардың өзіндік ерекшеліктерімен — олардың жасырын сипаты мен жасалу тәсілдерінің күрделілігімен түсіндіріледі. Мысалы, биылғы жылдың қаңтар–тамыз айларында ұрлық істерінің анықталу деңгейі небәрі 64%-ды құрады, ал 2024 жылдың дәл осындай кезеңінде жағдай одан да нашар (55,4%) еді.

Анықталуы ең қиын қылмыстардың бірі — алаяқтық. Биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша мұндай қылмыстарды ашу деңгейі 41,3%-ды құрады, бұл 2024 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда, 2,4 пайыздық тармаққа жоғары (38,9%). Алаяқтықтың басым бөлігі ғаламтор арқылы, соның ішінде жасанды интеллект технологияларын пайдалану арқылы жасалады. Онлайн-алаяқтықпен күресу үшін ҚР Ішкі істер министрлігінде (ІІМ) киберполиция бөлімшелері құрылды. Бұл бөлімшелердің қызметкерлері цифрлық қылмыстарды тергеумен қатар, онлайн-алаяқтықтың алдын алу жұмыстарымен де айналысады. Ведомстволық Polisia.kz порталының мәліметінше, полиция қызметкерлері азаматтармен тұрақты кездесулер өткізіп, жаңа алаяқтық тәсілдер мен олардан қорғану жолдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Қылмыстық статистикаға қайта оралайық. ҚР БП ҚСжАЕК ресми деректері бойынша соңғы бірнеше жылда Қазақстанда жалпы қылмыстық істердің азаюы байқалады. 2023 жылы бұл көрсеткіш 10 мың адамға 70 оқиғаны құрады, өткен жылы — 66 оқиға, ал 2025 жылдың сегіз айында — 65 оқиға. «Корона алдындағы» кезеңмен салыстырғанда, жағдай айтарлықтай өзгерген. 2019 жылы қылмыстық деңгей 10 мың адамға 131 оқиғаны құрады. Сандар тұрғысынан да қылмыстың азайғаны айқын көрінеді. Биылғы жылдың қаңтар–тамыз айларында Қазақстанда 88,4 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген — бұл өткен жылмен салыстырғанда, 7,3%-ға аз.

Қылмыстардың санаттары бойынша жағдай былайша өзгерді: елімізде ауыр қылмыстар саны өскен (плюс 4,9%), ал орташа (11,7%–ға) және аз (14,3%–ға) ауырлықтағы құқықбұзушылықтар саны азайған. Алайда, бұл жағдайды жағымсыз емес, керісінше оң деп бағалауға болады. Мұндай үрдіс көбіне көптеген құқықбұзушылықтарға қатаң жауапкершілік енгізу және оларды жеңіл санаттан ауыр санатқа ауыстыру нәтижесінде пайда болады. Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен әріптестік жасап қамтамасыз етудің 2024–2028 жылдарға арналған тұжырымдамасының авторларының пайымдауынша, бұл жағдай 2019 жылдан бастап байқалады, сол кезде мүліктік құқыққа, жыныстық тұтастыққа қарсы қылмыстарға, есірткіге қатысты қылмыстарға және тағы да басқа қылмыстарға жауапкершілік күшейтілген еді. Жалпы қылмыстық құрылымда жеңіл және орташа ауырлықтағы құқықбұзушылықтар көбірек кездеседі.

Тіркелген барлық құқықбұзушылықтардың жартысынан көбі мүліктік сипатта. Кестеде біз осындай құқықбұзушылықтарға қатысты статистикалық деректерді келтірдік. Биылғы жылдың қаңтар–тамыз айларында ең көп құқықбұзушылық «Алаяқтық» бабы бойынша тіркелді: 31,8 мың жағдай (плюс 2,2%). Екінші орында — ұрлық: Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде мұндай құқықбұзушылықтардың 16,5 мыңы тіркелген, бұл 2024 жылдың қаңтар–тамыз айларымен салыстырғанда, 25,8%-ға аз.

Мұндай динамика — қалалар мен ауылдар көшелерінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері жүргізген ауқымды алдын алу жұмыстарының нәтижесі. Статистика да бұл үрдісті растайды: биылғы жылдың қаңтар–тамыз айларында қоғамдық орындарда жасалған құқықбұзушылықтар саны 24,1 мың оқиғаға дейін қысқарып, 10,2%-ға азайды. Мұндай көрсеткіш көп пе, аз ба? Жалпы жолы кесілген құқықбұзушылықтар санымен (жыл басынан бері 13 млн оқиға) салыстырғанда, көп емес. ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың мәжілістегі үкімет сағатында келтірген деректері бойынша соңғы бір жылда құқық қорғаушылар алдын алған құқықбұзушылықтар 15%-ға өскен.

Қазіргі таңда Қазақстанда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі жетілдірілуде, басты басымдық алдын алу жұмыстарына берілмек. Құқықбұзушылыққа жол бермеу, оны уақытында байқау, сақтық таныту, профилактикалық шаралар жүргізу және қайталануына мүмкіндік бермеу негізгі мақсатқа айналды. ҚР ІІМ қызметкерлері мен қауіпсіздік саласының сарапшылары әзірлеген «Құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы» жаңа Заң жобасы қазір мәжілісте қаралуда. Бұл құжат бес қолданыстағы заңның нормаларын біріктіреді. Бұл жоба құқықбұзушылықтардың алдын алу міндеттерін нақтылып, оларды ІІМ қызметкерлері, әкімдіктер мен жергілікті қауымдастықтар арасында бөліп бекітеді.