Сауда көрсеткіштерінің өсуі Қазақстанның барлық өңірлерінде байқалады – СИМ

ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкімет отырысында сауданың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы.

Ол 2025 жылдың 9 айында сауданың НКИ 108,8%-ды құрағанын атап өтті. Номиналды мәнде – 52,8 трлн теңге, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің деңгейінен 14,5%-ға жоғары.

«Оң динамика есептік кезеңнің барлық айларында сақталып, тұрақты тұтынушылық белсенділікті және ішкі нарықтың дамуын көрсетеді, оның ішінде электрондық сату арналары арқылы жүзеге асырылуда. Өсім елдің барлық өңірлерінде байқалады. Сауда өсіміне ең көп үлес қосқан өңірлер — Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Атырау және Қарағанды облыстары. Аталған бес өңірдің үлесіне жалпы сауда көлемінің 71,3%-ы немесе 37,6 трлн теңгені құрады», — деді Арман Шаққалиев.

Оның айтуынша, іскерлік белсенділік пен тұтынудың негізгі орталықтары логистика инфрақұрылымы, цифрлық сервистер мен дистрибуциялық қуаттар шоғырланған сауда секторын дамытудың негізгі бағытын қалыптастырады.

Негізгі өсім шикізаттық, азық-түлікке жатпайтын және өндірістік-техникалық мақсаттағы тауарлар есебінен қамтамасыз етілді, олардың үлесі шамамен 82%-ды құрайды.

Көтерме тауар айналымындағы көшбасшылық Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Атырау мен Қарағанды облыстарында сақталып отыр.