Қаржы министрлігі көлеңкелі экономикамен күресте қандай жаңа құралдар пайдалануда

Қаржы министрлігі экономиканы көлеңкеден шығару үшін жасанды интеллект пен цифрлық теңгені пайдалануда. Бұл туралы Үкімет отырысында ведомство басшысы Мәди Такиев баяндады, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы
Оның айтуынша, жобаның негізгі өзегі мол деректер ауқымын талдап, салық төлеуден жалтару схемаларын анықтау және салық төлеушінің цифрлық бейінін қалыптастыру мақсатында жасанды интеллект құралдарын пайдаланатын Smart Data Finance жүйесі болып отыр.
«Электронды шот-фактуралар беру кезінде биометриялық жеке басын анықтау талабының енгізілуі 33 миллиард теңгеден астам сомаға жалған шот-фактуралар жазу әрекетінің алдын алды. Е-таңба жобасы арқылы енгізілген автоматтандырылған қадағалау жүйесі ҚҚС теңгерімін тексеруге және «сұр» схемаларды ерте бастан анықтап, жолын кесуге мүмкіндік беріп отыр. Қазірдің өзінде 250 млн электрондық шот-фактура және 500 млн төлем өңделді. Жоба нәтижесінде бюджетке жылына 100 млрд теңгеге дейін түсім түседі деп күтілуде. Одан бөлек Ұлттық Банкпен бірлесіп «Цифрлық қосылған құн салығы» пилоттық жобасын жүзеге асырудамыз. Цифрлық теңгемен есеп айырысу ақшаны көлеңкеге жасыру жолын бұғаттап, барлық жеткізу тізбегін ашық етеді», — деп хабарлады Мәди Такиев. Министрлік цифрлық теңгені басқа да секторларға, соның ішінде мемлекеттік сатып алу саласына да, кеңінен енгізуді ұсынып отыр.
Цифрландыру кедендік әкімшілендіру саласына да қарқынды түрде енгізілуде. ЖИ-технологияларды инспекциялық-қарап тексеру кешендерінде пайдалану дұрыс декларацияланбаған тауарларды анықтауға мүмкіндік беріп, кедендік бақылаудағы адами факторды барынша азайтады.