БастыДенсаулық

«Өзгелер тыныш өмір сүру үшін, біз қауіпті жерлерге барып жұмыс жасаймыз»

2025 жыл Қазақстанда жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Бұл – қоғамның қозғаушы күші саналатын қарапайым еңбектің қадірін айқындайтын ерекше жыл. Дәл осы жылы елімізде алғаш рет санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлерінің күні ресми мереке ретінде аталып өтуде. Бұл күн – көзге көп көріне бермейтін, бірақ күн сайын халқымыздың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген жандардың мерекесі. Олардың еңбегі сырт көзге білінбеуі мүмкін, алайда дәл сол қажырлы еңбектің арқасында біз тыныш өмір сүріп келеміз. Осы айтулы күн аясында біз 30 жылдан астам ғұмырын осы салаға арнаған тәжірибелі дәрігер, Гүлмира Шабдановамен әңгімелескен едік.

– Гүлмира Қажиақпарқызы, биыл Қазақстанда алғаш рет санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлерінің күні аталып өтуде. Бұл күн сіз үшін нені білдіреді?

– Бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Бұған дейін бізді Медицина қызметкерлері күнімен құттықтайтын, ал қазір өзіміздің төл мерекеміз бар. Бұл – біздің еңбегіміздің тек тексеріс пен талдау емес, үлкен миссия екенін мойындау. Бұл күн жас мамандарға шабыт сыйлап, жаңа буынның осы салаға келуіне жол ашады деп сенемін.

Сіз бұл салада 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келесіз. Неліктен осы жолды таңдадыңыз?

– Мен үлкен отбасында өстім, бала кезімнен адамдарға көмектескім келетін. Алматыдағы училищеден соң Қарағанды медицина институтының санитариялық факультетіне оқуға түстім – ол кезде мұндай факультет елде жалғыз болатын. Оқуды аяқтаған соң Павлодарға барып, дәрігерлер жетіспегендіктен бірден бірнеше бағытты қатар алып жүрдім. Жұмыстың оңай болмайтынын алғашқы күннен түсіндім, бірақ жүрек қалауым осы еді.

– Бұл қызмет әрдайым тәуекелмен байланысты. Есте қалған ерекше сәттеріңіз бар ма?

– Әрине, болды. Улану, індет, апат жағдайлары аз кездеспеді. Бір жолы бірнеше тонна жанармай тиеген бензовоз аударылып, ауадағы бу мөлшері нормадан 50 есе асып кеткенін анықтадық. Біз өлшем жасап үлгерген соң ғана қауіпсіз жерге кетіп қалдық, артынша көлік жарылды. Үш сағат бойы алып жалын шарпыды. Қорқынышты ма? Әрине. Бірақ біз ант бергенбіз. Біз адамдардың өмірін сақтау үшін қауіпті жерде болуға міндеттіміз.

– Қазір сіз ҚР ПІБ МО Референс-зертханасында жұмыс істейсіз. Бұл мекеме несімен ерекшеленеді?

– Мұнда заманауи құрал-жабдықтар мен ең озық технологиялар шоғырланған. Біз көзге көрінбейтін қауіптерді – радиацияны, химиялық заттарды, түрлі физикалық факторларды анықтай аламыз. Бұл – алғашқы жылдардағы мүмкіндіктерімізбен салыстырғанда үлкен жетістік. Бірақ ең қымбат қазына – адамдар. Бізде жас мамандар көп: ынталы, білімді, жылдам үйренеді. Солардың қарқынына қарап, бұл мамандықтың болашағына зор сенім артамын.

– Сіз төрт ұл тәрбиелеп өсірдіңіз. Үлкен отбасы мен жұмысты қалай үйлестірдіңіз?
– Әрине, оңай болған жоқ: түнгі кезекшіліктер, шұғыл шақыртулар, әрдайым дайындықта болу керек болды. Бірақ ешқашан бұл таңдауыма өкінген емеспін. Себебі менің еңбегім тек өз отбасым үшін ғана емес, тұтас елдің игілігі үшін қажет екенін түсіндім.

– Болашақ мамандығын таңдауға қадам басқан жастарға не айтар едіңіз?
– Санэпидқызметтен қорықпаңыздар. Бұл – болашақтың мамандығы. Заман өзгерген сайын зиянды факторлар да артып келеді. Сол себепті қоғамның денсаулығын қорғайтын мамандарға әрқашан сұраныс бар.

Бүгін, Қазақстан тарихында тұңғыш рет аталып өтіп отырған Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлерінің күні – өз өмірін халық денсаулығын қорғауға арнаған барша жандарға алғыс айту күні. Бұл – жай ғана бақылау емес, елдің өмірін, болашағын қорғау жолындағы нағыз ерлік.

Басқа жаңалықтар

Back to top button