Қазақстандық мектептерде алғаш рет стоматологиялық кабинеттер ашылды

Мемлекет басшысының балалардың қауіпсіздігін нығайту, олардың құқықтарын қорғау және үйлесімді дамуына жағдай жасау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, жаңа оқу жылынан бастап еліміздің мектептерінде стоматологиялық кабинеттер ашыла бастады. Сонымен қатар, мектептерде тамақтанудың жаңа стандарты енгізілді. Енді мектептің ас мәзірін ұйымдастыру мен оның сапасын бақылау міндеті денсаулық сақтау ұйымдарына берілді, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Бүгін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елордалық мектептерде осы жаңашылдықтардың іске асырылуын бірлесіп тексерді.

Қазіргі уақытта тіс ауруларының алдын алу кабинеттері 150 мектепте ашылды. Жыл соңына дейін тағы 90 кабинет ашу жоспарланып отыр. Ал 2028 жылға дейін мектептерде 1000 стоматологиялық кабинетін іске қосу көзделуде. Бұл бастама оқушы саны мыңнан асатын ірі білім беру ұйымдарын қамтиды. Ең алдымен, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңадан салынған мектептерде ашылуда. Ашылған кабинеттерде оқушыларға алдын алу бағытында стоматологиялық көмек көрсетіледі, ауыз қуысы ауруларын ерте диагностикалау жүргізіледі және санитарлық-ағартушылық жұмыстар ұйымдастырылады.

Оқу-ағарту министрінің айтуынша, оқушылардың денсаулығы мен әл-ауқатын сақтау – білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі болып табылады және бұл барлық тараптардың, оның ішінде медицина мамандарының да қатысуын талап етеді.

«Балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау мемлекеттік саясаттың басты басымдығы. Мектеп – әрбір бала физикалық және рухани тұрғыда дамитын қауіпсіз орта болуы тиіс. Сауықтыру-педагогикалық тәсіл арқылы салауатты өмір салтьн қалыптастыру сапалы білім берудің ажырамас бөлігі болып табылады», – деді Ғани Бейсембаев.
Сонымен қатар, 1 қыркүйектен бастап мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты күшіне енді. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бұл стандартта алғаш рет тұз бен қанттың мөлшеріне шектеу белгіленді.
«Мектеп медицинасын білім беру үдерісінің толыққанды бөлігіне айналдырудамыз. Бүгін біз салауатты тамақтану стандартына негізделіп жаңадан әзірленген мектеп ас мәзірінің қалай енгізіліп жатқанын көрдік. Енді балалардың рационында жаңадан дайындалған және пайдалы тағамдар көбейді. Биыл бірнеше мектепте балаларға тегін профилактикалық көмек көрсетілетін стоматологиялық кабинеттер ашылды», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктерінің бастамасы өткен оқу жылынан бастау алған. Сол кезде мектептегі тамақ сапасына бақылау күшейтілді. Жаңа талаптарға сәйкес, күн сайын мәзірдің дайындалу сапасын тексеруге мектеп мейірбикелері де тартылды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1–4 сыныптың 1,8 миллионнан астам оқушысы, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы 5–11 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылған.