Семей қаласындағы мектепте 60 мың кітап қоры бар «Абай кітапханасы» ашылды

Семей қаласындағы №35 жалпы білім беретін мектепте заманауи үлгідегі «Абай кітапханасы» ашылды. Жаңа кітапхана облыс әкімі Берік Уәлидің үндеуіне сәйкес «Алматыкітап» баспасының құрылтайшысы әрі президенті Гаухар Айтжанқызының қолдауымен жүзеге асты, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кітапхана 6,5 миллион теңгеге толық жабдықталып, оқушылар үшін барлық жағдай жасалды. Мұнда 60 мың кітап қоры жинақталған. Оның 30 мыңы – көркем әдебиет, ал қалғаны – 1–11 сыныпқа арналған қазақ және орыс тіліндегі оқулықтар. Жаңа кеңістікте арнайы қойма, ыңғайлы оқу аймақтары және интерактивті тақта орнатылған.

Ашылу рәсіміне Абай облысы білім басқармасының басшысы Бауыржан Ердембеков қатысты.

«Абайдың сөзі – мәңгілік, мұрасы – сарқылмас қазына. Әрбір кітап жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, елдік рухты күшейтуге қызмет етеді. Оқушылар бұл жерде оқулық қана емес, үлкен өмірге жол көрсететін Абайдың даналығын да табуы тиіс. Биыл Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында меценаттықтың қоғам үшін маңызын атап өтті. Осындай игілікті істі жүзеге асырып отырған «Алматыкітап» баспасының қолдауы – соның нақты көрінісі», – деді басқарма басшысы.

Шараға мектептің оқушылары қатысып, Абай шығармаларынан үзінділер оқыды.

№35 мектеп 1961 жылы салынған. Мұнда 132 педагог қызмет атқарады, 1400-ге жуық оқушы білім алады. Мектепте «Абай клубы» және әжелерден құралған «Зере» клубы жұмыс істейді.