Білім

«Келешек мектептеріне» кадрлық резервтен 40 директор тағайындалды

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» стратегиялық жобасы іске асырылуда, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Президенттік жастар кадр резервінің үлгісінде жасалған аталмыш жоба 2023 жылы басталды. Онда болашақ басшыларды қызметке тағайындалмай тұрып дайындауды міндеттейтін халықаралық тәжірибе негізге алынған. Үміткерлер бес кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп, кешенді түрде оқытылады. Оған қоса, тәлімгерлермен жұмыс істеп, тағылымдамадан өтеді. Мұндай тәсіл сыни ойлайтын әрі өзгерістерге дайын басқарушыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Бүгінде республикалық кадрлық резервте 583 педагог бар, олардың 400-ден астамы конкурссыз басшылық қызметке тағайындалды. 2025 жылы тағы 400 үміткер оқудан өтуде. Соның нәтижесінде, мектеп директорларының тапшылығы үш есеге қысқарды.

Әсіресе, жаңа форматтағы «Келешек мектептеріне» баса назар аударылып отыр. Бүгінде Қазақстан бойынша ұлттық жоба аясында ашылған 150 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 40 мектепті «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының резервистері басқарады. Осылайша, бұл білім ордалары жаңа стандарттарды, цифрлық технологияларды және тәрбиелік бағыттағы тәжірибелерді енгізетін алаңға айналуда», – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, тамыз конференциясында «Келешек мектептерінің» директорларына арналған форум өткен болатын. Онда басшылар Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, ЖИ-ді пайдалану, «Адал азамат» бағдарламасы мен мектеп менеджментіне қатысты тақырыптарды талқылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button