Ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 22,5 млн гектарды құрады

Ауыл шаруашылығы бірінші вице министрі Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс жай-күйі мен егін жинау жұмыстарына дайындық барысы туралы ақпарат берді.
“Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 22,5 млн гектарды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 238 мың гектарға артық. Оның ішінде әртараптандыру мақсатында биыл жем-шөп дақылдар мен майлы дақылдар алқаптары ұлғайтылды”,-деді Айдарбек Сапаров бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.
Сонымен қатар, коронавирус пандемиясы салдарынан шектеу шараларына қарамастан, шаруалар жеңілдетілген жанар-жағармай, сапалы тұқым, тыңайтқыштар және техникамен дер кезінде қамтылып отырғанын айтты.
“Ауыл шаруашылығы өндірушілер алқаптарға шамамен 450 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізді, ол жоспардың 85% пайызын құрайды, қалған бөлігі жерді өңдеу кезеңінде қолданылады. Тыңайтқыштарды енгізу көлемін ұлғайту мақсатында 2020 жылы 26 млрд теңге сомасында субсидия көзделген. Бұл шамамен 522 мың тонна минералдық тыңайтқыштарды сатып алуға мүмкіндік береді. Өткен жылмен салыстырғанда 120 мың тоннаға артық”,-деп мәлімдеді.
