Астанада Атырау көпіріне көлігімен шығып кеткен жүргізуші жазаланды

Елордада қоғамдық тәртіпті бұзудың кез келген түрімен күрес жүйелі жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты
Кезекті жағдай 1 қыркүйек күні болды: Hyundai Accent көлігінің жүргізушісі Атырау көпіріне шығып кетіп, ережені өрескел бұзып қана қоймай, айналасына құрметсіздік танытқан.
Полицияның мәліметінше, азамат ҚР ӘҚБтК-нің 434 және 437-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Арнайы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
«Мұндай әрекеттер қауіпсіздікке қатер төндіріп, қоғамдық тәртіпті бұзады. Елордада бұзақылық пен вандализмнің кез келген түрінің алдын алу жұмысы жалғасып жатыр», – деп атап өтті полиция өкілдері.
Жыл басынан бері Астанада ұсақ бұзақылық пен вандализм үшін жүзден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Заң және тәртіп» қағидаты аясында елордалық полиция прокуратурамен бірлесіп, вандализмге қарсы белсенді жұмыс жүргізуде. Өзгенің мүлкін әдейі бүлдіру немесе жою үшін 60 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе 30 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.
Елордада тұрақты түрде «Тоқта, вандал» акциясы өтіп келеді. Оған еріктілер, белсенділер мен қоғамдық ұйымдар қатысады.
Шараның мақсаты – ортақ мүлікке ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру және қоғамдық жауапкершілікті арттыру.