Қазақстандағы әскери қызмет: қызметтен жалтарғандарға қандай жаза қолданылады

Елде күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Жоспарға сәйкес, Қазақстан армиясы қатарын шамамен 22 мың жас сарбаз толықтырмақ. Астананың қорғаныс ведомствосы әскерге кімдердің кейінге қалдыру немесе босату алу құқығы барын, сондай-ақ әскери қызметтен жалтарғандарға қандай жаза қолданылатынын еске салды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты

Сонымен, мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру мынадай жағдайларда беріледі:
• отбасылық жағдайына байланысты;
• білімін жалғастыру үшін;
• денсаулығына байланысты;
• педагогтарға – еңбек еткен уақытына;
• ауылдық жердегі дәрігерлерге – еңбек еткен уақытына;
• Парламент немесе жергілікті өкілді органдар депутаттарына;
• тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатқан азаматтарға;
• азаматтық әуе кемелерінің ұшу экипаждары мен су көліктері экипаждарының мүшелеріне;
• құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіби дайындықтан өтіп жатқан азаматтарға.

Әскерден толық босатылатындар:
• денсаулығына байланысты әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар;
• заңды негізде мерзімді әскери қызметке шақырылмай, 27 жасқа толғандар;
• туыстары (әке, шеше, аға, әпке) әскери борышын өтеп жүріп қаза тапқан, қайтыс болған немесе I, II топ мүгедектігі белгіленгендер;
• басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызметін өтегендер;
• Қазақстан Республикасының арнайы мемлекеттік органдарында қызмет еткендер;
• ғылыми дәрежесі барлар;
• тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері.

Сонымен қатар, бейбіт уақытта сотталған азаматтар әскери қызметке шақырылмайды.

Әскери қызметке шақырылуға тиісті азаматтар жергілікті әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша шақыру комиссиясына келуге міндетті. Шақыру қағазы азаматтың өзіне қолхат арқылы, не жұмыс (оқу) орны бойынша ұйым басшысы арқылы, не SMS-хабарлама арқылы жеткізіледі.

Денсаулық жағдайын анықтау және әскери қызметке жарамдылығын белгілеу үшін шақырылушылар аудандық және облыстық медициналық комиссияның тексеруінен өтеді.

Облыстық (қалалық) жинақтау пунктінде медициналық тексеру, отбасылық жағдайды, моральдық-іскерлік қасиеттерді, психологиялық зерттеу мен наркологиялық тестілеуді зерделеу нәтижелері бойынша әскерге алынушылар әскери бөлімдерге бөлінеді.

Жинақтау пунктерінде әскери бөлімдерге жіберу үш тәулік ішінде жүргізіледі, осы уақытта шақырылушыларға жергілікті атқарушы органдар тарапынан тәулігіне үш мезгіл ыстық тамақ беріледі.

Іріктеуден өтіп, сұхбаттасудан өткен және әскери команда құрамына енгізілген шақырылушылар шақыру комиссиясының шешімімен мерзімді әскери қызметке шақырылады.

Әскери қызметшілер тізіміне шақырылушыларды жеке-жеке енгізу және әскери қызметке жіберу туралы Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының бұйрығы шығарылады.

Әскери қызметтің басталу күні деп осы бұйрық шыққан күн есептеледі.

Аудандық (қалалық, облыстық маңызы бар қала) шақыру комиссиясы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру және оларды Қарулы күштердің тиісті түрлері мен әскерлеріне бөлу кезінде олардың мамандығын, денсаулығын ескере отырып, негізінен мынадай тәртіппен бөледі:
1. ауыл шаруашылығын механизациялау және электрлендіру факультеттерін бітіргендер, бронетанктік техника шығаратын ұйымдарда жұмыс істейтіндер – Құрлық әскерлеріне;
2. математика, физика және инженерлік-экономикалық факультеттерді тәмамдағандар, ракета, авиация және радиотехника саласында жұмыс істейтіндер – Әуе қорғаныс күштері мен Әскери-теңіз күштеріне;
3. Десанттық-шабуылдау әскерлеріне – жалпы орта білімнен төмен емес, жақсы дене дайындығы бар, негізінен спортшы-парашютшілер;
4. ҰҚК Шекара қызметіне – мемлекеттік шекараны қорғау ерекшелігіне байланысты орта білімнен төмен емес, физикалық және моральдық-психологиялық тұрғыда іріктелгендер;
5. Мемлекеттік күзет қызметіне – бойы 180-195 см аралығында, білім, жұмыс тәжірибесі мен дене дайындығына қойылатын талаптарға сай шақырылушылар;
6. Ұлттық ұланға – қоғамдық тәртіпті және қылмыстық-атқару жүйесінің нысандарын күзету міндетіне байланысты негізгі орта білімнен төмен емес азаматтар;
7. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің азаматтық қорғаныс әскери бөлімдеріне – ауыл шаруашылығын механизациялау, электрлендіру, физика және инженерия факультеттерін бітіргендер.

Әскери қызметтен жалтарғандарға заңнамаға сәйкес қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 647-бабына сәйкес, әскери есепте тұрған немесе тұруға міндетті азаматтың әскери басқару органының шақыруына дәлелді себепсіз келмегені үшін бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

648-бапқа сәйкес, медициналық тексеруден немесе комиссия жолдамасы бойынша тексеруден жалтарған шақырылушыларға ескерту немесе үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес, әскери қызметке заңды негізсіз барудан жалтару үшін мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл немесе осындай мөлшерде түзету жұмысы, төрт жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не бір жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.

Ал егер жалтару өзін-өзі зақымдау, ауруды қолдан көрсету, құжаттарды қолдан жасау немесе өзге де алдау арқылы жүзеге асса, жаза ауырлай түседі.

Қазақстанда баламалы қызмет қарастырылмаған. Дегенмен, Денсаулық жағдайына байланысты шектеулері бар азаматтарға Қорғаныс министрлігінің «Әскери-техникалық мектеп» филиалдарында әскери есептік мамандық алуға мүмкіндік бар.

«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес, 24-тен 27 жасқа дейінгі азаматтар Қорғаныс министрлігінің Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны «Әскери-техникалық мектептерінде» ақылы негізде әскери дайындықтан өте алады. Бұл әскери қызметтен өтпеген жастарға базалық әскери дайындық алуға мүмкіндік береді.

Оқыту мерзімі – 40 тәулік, құны – 390 000 теңге. Бұл сомаға тәулігіне үш мезгіл ыстық тамақ, киім-кешек, оқу процесінің шығыстары (оқу ату жаттығулары, жанармай-жағармай) және казармада тұру кіреді.

ӘТМ түлектері мерзімді әскери қызметке шақырылмайды.

Сонымен қатар, бұрын әскери билет алған, бірақ әскери дайындықтан өтпеген әскери міндеттілер де оқи алады.