Қоғам

Курчатов қаласының даму жоспары талқыланды

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиынға басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері, ал аудан, қала әкімдері бейнережимде қатысты

Кеңесте Курчатов қаласының дамуы, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында салынған медициналық нысандар және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жүзеге асырылу барысы қаралды, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Курчатов қаласының әкімі Болат Әбдіралиев моноқаланың қазіргі жағдайы мен алдағы даму жоспарлары туралы баяндады. Қазіргі таңда шаһарда 10 мыңнан астам халық тұрады. Қала құраушы мекеме – Ұлттық ядролық орталықта тұрғындардың 20 пайыздан астамы жұмыс істейді. Қала кірісі жыл сайын тұрақты өсіп келеді. Айталық, 2022 жылы 1,8 млрд теңге болса, 2023 жылы 2,1 млрд теңге, 2024 жылы 2,5 млрд теңгені құраған. Ал биыл 3 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. Бұрын бюджеттің 70 пайызы бір кәсіпорынға тәуелді болса, бүгінде бұл көрсеткіш 48 пайызға дейін азайған.

Қала әкімінің айтуынша, 2025-2029 жылдарға арналған даму жоспары аясында жалпы құны 1,1 трлн теңге болатын 76 жоба іске аспақ. Оның ішінде экономиканы әртараптандыруға бағытталған 14 жоба, инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған 37 жоба, әлеуметтік саладағы 25 жоба бар.

Курчатовта абаттандыру бағытында да ауқымды жұмыстар қолға алынған. «Қазцинк» АҚ демеушілігімен жыл соңына дейін 8 аулаішілік жолға асфальт төселеді. Облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа сүзгі-сорғы станциясына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. 8 қазандықты ауыстыру және кәріз желілерін жаңғырту жұмыстары басталды. Жағалауды абаттандыру, спорт және ойын алаңдарын салу, көпқабатты үйлердің қасбеттерін жаңарту да кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Роза Құдайбергенқызы өз баяндамасында Курчатовтың моноқала ретіндегі ерекшеліктерін атап өтті. Қалада салықтық түсімдер жыл сайын артып келеді: 2024 жылы 3,8 млрд теңгені құрады. Қала бюджеті 2023 жылмен салыстырғанда үш есеге өсіп, 4,9 млрд теңгеге жетті. Инфрақұрылым мен әлеуметтік салаға қомақты қаражат бөлінуде: балалар шығармашылық үйі қайта жаңартылды, дене шынықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр.

Аймақ басшысы Курчатов қаласының әкімі Болат Әбдіралиевке шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз етуді, жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмысты жандандыруды, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына Курчатовтың даму көрсеткіштерінің орындалуын бақылауға алуды тапсырды.

«Курчатовтың әлеуеті зор. Шаһардың ғылыми базасы мен жаңа өндірістердің ашылуы инвестиция тартуға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді» деді облыс әкімі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button