Астанадан Абай еліне: «Ұлылар мекеніне саяхат» ғылыми-танымдық экспедициясы сәтті аяқталды

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Ұлылар мекеніне саяхат» атты ғылыми-танымдық экспедиция 8–10 тамыз күндері өтті. Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасымен өткен сапарға мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, әкімдік өкілдері, елордалық қаламгерлер мен абайтанушы ғалымдар қатысты.
Экспедицияның алғашқы күні делегация Павлодар облысының Баянауыл өңіріне барып, қазақтың ағартушы-ғалымы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесіне тағзым етті. Құран бағышталып, музей экспозициясы араланды. Онда сақталған тұрмыстық бұйымдар мен қолжазбалар, этнографиялық деректер Мәшһүр Жүсіп мұрасының ауқымын айқын көрсетті. Кешкісін қатысушылар Абай облысының Бесқарағай ауданында қарсы алу рәсіміне қатысып, Семейге жетті.
Екінші күні делегация Шәкәрім университетінде өткен «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысты. Жиында отандық және шетелдік ғалымдар хакім Абайдың әлемдік деңгейдегі тұлғалық қырларын талдап, жаңа зерттеулерін ұсынды. Бірнеше кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылып, абайтану ғылымына тың серпін берілді. Сол күні экспедиция мүшелері Ертіс өзенінде серуендеп, Семейдің мәдени-тарихи орындарын аралады. Абай қорық-мұражайындағы «Абай. Уақыт. Өнер» көрмесі мен этноауылдағы таныстырылымдар қатысушылардың ерекше ықыласына бөленді.
10 тамызда Қарауылда «Абай күні» салтанатты түрде тойланды. Жидебайда Құран бағышталып, құрбандық шалу рәсімі өтті, ел өңірлерінде ақын ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды. Ауыл ортасында «Бала Абайдан дана Абайға» атты театрландырылған қойылым ұсынылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілді.
Үш күндік экспедицияның қорытындысы ерекше. Қатысушылар Мәшһүр Жүсіп мұрасынан бастап Абайдың туған топырағы Жидебай мен Қарауылға дейінгі қасиетті орындарды аралап, қазақ халқының рухани дүниесінің байлығына көз жеткізді. Бұл сапар ұлы ойшылдың мұрасын тереңірек түсінуге, оны жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді. Абайдың 180 жылдығы аясында өткен бұл экспедиция ұрпаққа қалдырылған асыл қазынаның мәңгілігін паш етіп, ұлттық болмыс пен рухани тұтастықтың мәнін айқындай түсті.