Елордада «оқуға түсіріп беремін» деп 25 талапкерді алдаған алаяқ ұсталды

Елордада «оқуға түсіріп беремін» деп 25 талапкерді алдаған алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz

Астана қаласында полицейлер жоғары оқу орындарының бакалавриат және магистратура бағдарламаларына грант алып беремін деп уәде етіп, 25-тен астам талапкерді алдаған 34 жастағы ер адамды қолға түсірді.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті өз «қызметін» таныстары арқылы ұйымдастырған. Сенгіш азаматтар бір-біріне оны ұсынып, жалған ақпаратты шындыққа балаған. Ол телефон арқылы сенімді сөйлесіп, «кепілдендірілген нәтиже» уәде еткен және қызметі үшін қомақты қаражат сұраған. Ақшаны алғаннан кейін алаяқ біраз уақыттан соң байланысқа шықпай, ізін суытқан.

Мәселен, бір әйел магистратураға грант алу үшін күдіктіге 1 миллион теңге берген. Қаражатты иеленген соң ер адам ғайып болған. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер оның жеке басын анықтап, қамауға алды. Қазір ол ҚР Қылмыстық кодексінің алаяқтық бабымен тергеліп жатыр.

Полиция азаматтарға ескертеді: мемлекеттік білім гранттары тек конкурс арқылы беріледі. Оны заңсыз жолмен алу мүмкін емес. Мұндай әрекеттер сенгіш жандарды қаржылық шығынға ұшыратумен қатар, қылмыстық жауапкершілікке де әкеледі.