Шымкентте қашықтан медициналық көмек алу порталы іске қосылады

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Instagram парақшасында хабарлады.
«Еліміздегі, атап айтқанда, Шымкент қаласында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты бізге медициналық қызметкерлердің консультациясы мен көмегі қажет екені өздеріңізге белгілі. Медициналық көмек қазір халық үшін қолжетімді болуы тиіс. Алайда, қажетті медициналық көмекті біз барлық санитарлық – эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, алуға тиіспіз. Қашықтықтан медициналық қызмет көрсету бүгінгі күні пациенттің өзі мен айналасындағылар үшін ең қауіпсіз болып отыр»,-деді қала әкімі.
Сонымен қатар, алдағы аптадан бастап Шымкент қаласының тұрғындары қашықтан медициналық көмек алу порталына жүгіне алатынын айтты.
«Осыған орай, қаламызда келесі аптадан бастап қашықтықтан медициналық көмек алу 1430.kz. порталы арқылы қолжетімді болады. Аталған сервис арқылы қаланың, ауданның, шалғай мекеннің әрбір тұрғыны үйден шықпай-ақ медициналық көмекке жүгінуге мүмкіндік алады. Бұл үшін 1430.kz порталында тіркеліп, қажетті маманды таңдап, онлайн-қабылдауға жазылу жеткілікті. 1430.kz сервисі арқылы біздің емханалардың білікті мамандары қызмет көрсетеді, сіз жалпы практика дәрігерлерінен, педиатрлардан, сондай-ақ салалы мамандардан көмек ала аласыз. Алдағы аптада 1430.kz порталына тіркелу және қолдану туралы қосымша ақпарат тарататын боламыз.
Қазір ауруларды, соның ішінде коронавирус инфекциясын емдеу бойынша көптеген дәйексіз ақпарат пен нұсқаулықтар әлеуметтік желілерде кеңінен тарап жатыр.
Өзін-өзі емдеуге және дәрігердің тағайындауынсыз дәрі-дәрмек қабылдауға болмайтынын есте сақтағандарыңыз жөн»,- деді Мұрат Әйтенов.
