Алматы облысында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталды

Ішкі істер министрлігі криминалдық полиция департаментінің және Алматы облысының полиция департаментінің қызметкерлері ауқымды операция барысында елімізге заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топтың жолын кесті
Заңсыз арнаны шетел азаматтары ұйымдастырғаны анықталды, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
«Қаскөйлер Қазақстан Республикасының аумағына шетел азаматтарын заңсыз кіргізу, транзитпен өткізу және заңдастырумен айналысқан. Топ мүшелері бұл «қызметтері» үшін әрбір мигранттан 150 мыңнан 700 мың теңгеге дейін сыйақы алып отырған.
Арнайы іс-шаралар барысында ұсталғандардан ондаған шетелдік төлқұжаттар, медициналық сақтандырулар, жалған құжаттар, сондай-ақ есірткі заттары мен діни әдебиеттер тәркіленді. Қылмыстық топтың барлық мүшелері ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша заңсыз көші-қонды ұйымдастыру, алаяқтық және есірткі құралдарын заңсыз сақтауға қатысты алты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
ІІМ ескертеді: заңсыз көші-қонның кез келген түрі мен ұйымдасқан сызбалар әшкереленіп, қатаң түрде тоқтатылады. Барлық кінәлілер заң аясында қатаң жауапкершілікке тартылады.