Қазақстанда ана мен бала өлімінің деңгейі төмендеді

Бұл туралы Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова хабарлады, деп мәлімдейді Ukimet телеграм арнасы.
«Қабылданған шаралар нәтижесінде 2024 жылы ана өлімінің деңгейі 12%-ға, нәресте өлімінің деңгейі 11%-ға төмендесе, биылғы жылдың 6 айының қорытындысында ана өлімінің деңгейі 10%-ға, нәресте өлімінің деңгейі 26%-ға төмендеді», — деп атап өтті министр.
Ақмарал Әлназарова бұл көрсеткіштерге ДДСҰ мен ЮНИСЕФ-тің халықаралық ұсынымдарына негізделген медициналық көмек көрсетудегі жаңа тәсілдерді енгізу нәтижесінде қол жеткізілгенін айтты. Соның ішінде, елімізде акушерия саласында 25 және педиатрия бойынша 20 клиникалық хаттамалар жаңартылған.
Босанғаннан кейінгі қан кетулердің алдын алудың жаңа әдістері енгізілді, соның нәтижесінде биыл ағзаларды сақтап қалу операциялары 20%-ға артты.
Медициналық авиация желісі бойынша дер кезінде және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету шаралары ауыр жағдайдағы әйелдер мен балалардың 96%-ын құтқарып қалуға мүмкіндік берді.
Одан бөлек өткен жылдан бастап босандыру және балаларға арналған ұйымдардың медициналық техникамен жабдықталуы 87%-ға дейін жақсарып, тозу көрсеткіші 37%-ға дейін төмендеді.