Білім

Астанада 8500-ден астам бала мектеп жабдықтарын тегін алады

Астанада 2025-2026 жаңа оқу жылының қарсаңында әлеуметтік осал санаттағы балаларды қолдауға бағытталған кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда

Бастамалардың басты мақсаты – әлеуметтік себептермен мектепке бармай қалу жағдайларын болдырмау және білім алуға тең қолжетімділік жағдайын жасау. Бұл туралы Астана қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Мемлекеттік қолдау шаралары

Тамыз айының басынан бастап елордада әлеуметтік осал санаттағы оқушыларға мектеп формасы, аяқ киім және кеңсе тауарларын сатып алуға арналған біржолғы мемлекеттік көмек көрсетілуде. 2025 жылы көмектің мөлшері – әр балаға 46 228 теңгені құрайды. Жалпы 12 734 оқушыны қамту жоспарланған. Өтініш пен қажетті құжаттарды тікелей мектепке тапсыруға болады.

Қабылдау үдерісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің №158 бұйрығына сәйкес жүргізіледі.

Көмекке ие болатын санаттар Үкіметтің №64 қаулысымен бекітілген. Оның ішінде әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары, жетімдер, төтенше жағдайдан зардап шеккен балалар бар. Қазіргі уақытта 6 мыңнан астам өтініш қабылданған. Өтініш қабылдау жалғасуда. Бұған дейін атамыш көмекті жыл сайын 14 500-ге дейін бала алған.

«Мектепке жол» акциясы – демеушілерден көмек

1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында ел аумағында «Мектепке жол» атты республикалық қайырымдылық акциясы өтуде. Биыл 8 500-ден астам көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары мен жетім балаларды қамту жоспарланып отыр.

Көмек мектеп сөмкелері мен кеңсе тауарлары түрінде көрсетіледі. Бұған меценаттар мен әлеуметтік серіктестер демеушілік етеді. Әлеуметтік педагогтар әсіресе бірінші сынып оқушылары мен жаңадан келген оқушыларды қамти отырып, көмек алатындардың тізімін жасаумен айналысуда.

Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, мектепке бармай жүрген балалар мен түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүрген жасөспірімдерді анықтау мақсатында рейдтік шаралар жүргізілуде. Елорда мектептерінде ата-аналардың өтініштерін қабылдау жалғасуда. 556920 нөмірі бойынша бірыңғай жедел желі жұмыс істейді, сондай-ақ әр мектепте сенім телефондары мен қоғамдық қабылдау бөлмелері ашылған.

Арзан бағадағы мектеп жәрмеңкелері

Астананың барлық ауданында 2-31 тамыз аралығында мектеп формасы мен кеңсе тауарлары төмен бағамен сатылатын мектеп жәрмеңкелері өтеді.

Олар әр апта сайын қаладағы танымал сауда орындары мен ашық алаңдарда ұйымдастырылады. Ата-аналар жаңа оқу жылына алдын ала дайындалып, отбасылық бюджетке салмақ салмай балаларын жабдықтай алады.

Сондай-ақ, жәрмеңке аясында «Мейірімді қолдар» акциясы өткізіліп жатыр. Бұл әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан оқушыларға арналған қайырымдылық бастама.

«Мейірімді қолдар» акциясы – қала тұрғындарынан балаларға көмек

Астанада дәстүрлі «Мейірімді қолдар» акциясы басталды. Қала тұрғындары мектепке қажетті құралдарды (сөмке, дәптер, қалам, кеңсе тауарлары) арнайы орнатылған контейнерлерге қалдыру арқылы көмек көрсете алады.

Контейнерлер қаладағы ірі сауда орталықтары мен дүкендерде қойылған. Барлық жиналған заттар мектептер мен қоғамдық ұйымдар арқылы қажетті балаларға таратылады.

Акция қаладағы алты ауданды қамтиды, оның ішінде «Mega Silk Way», «Аружан», «Сарыарқа», «Рахмет» СОО-лары бар.

Балалар қауіпсіздігі – басты назарда

Астана қаласының Білім басқармасы жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажеттігін еске салады. Ата-аналарға терезелерге шектеу құралын орнату, жабдықталмаған су қоймаларында шомылуға жол бермеу, дәрі-дәрмектерді балалар қолы жетпейтін жерде сақтау ұсынылады. Сондай-ақ, балаларға жол ережелерін жиі ескертіп, ойын алаңдарында олардың қауіпсіздігін бақылау маңызды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button