Президент медицина қызметкерлеріне күш көрсететіндерге қарсы заңды күшейтуді тапсырды

Бұл туралы Қазақстан Президентінің кеңесшісі — баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

— Мемлекет басшысы медицина қызметкерлеріне күш қолданып және қатыгездік танытқан әрекеттерге қатысты жазаны қатаңдату мақсатында ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу туралы Парламент депутаттарының, денсаулық сақтау саласы өкілдерінің және белсенді азаматтардың ұсынысын қолдайды, — делінген хабарламада.

Дәрігерлердің денсаулығына нұқсан келтіріп, өміріне қауіп төндіретін мұндай келеңсіздіктерге «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес құқықтық тұрғыда батыл түрде тосқауыл қойылуы керек.

— Президент Үкіметке тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеуді тапсырды. Бұл бастама Парламентте азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқыланады, — деп жазды баспасөз хатшысы.