
Халықаралық қайта құру және даму банкі Қазақстанға экономиканы дамытуға арналған цифрландыру жоба аясында қарыз бермек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиев хабарлағандай, аталған жоба қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті азайтуға бағытталған. Келісімнің мақсаты – телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, яғни ауылдарды интернетпен қамту. Сондай-ақ жеке инвестицияларды тарту, шағын және орта байланыс операторларын қолдау қолға алынатын болады.
Жоба үш жыл, яғни 2025-2027 жылдары аралығында іске асырылады. Осы уақыт ішінде 1123 ауыл немесе 2,3 млн адам интернетке қол жеткізбек. Ауылдарға ең тұрақты және қауіпсіз технология саналатын оптикалық-талшықты байланыс желілері жеткізіледі деген болжам бар.
Инвестицияның жалпы көлемі – шамамен 84 млрд теңге. Айта кетерлігі, жобаның 50 пайызға дейінгі күрделі шығындарын субсидиялау жоспарланған.
Қарыз жапон иенасымен аланады әрі сыйақы 1 пайыз мөлшерінде белгіленген.
Қазақстан несиені 2028 жылдан бастап төлейді, оған дейін Үкімет жобаны толық жүзеге асыруы қажет.