«Бағанашыл» балалар үйі Қонаевқа көшірілмейді

ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай «Бағанашыл» балалар үйі Алматыдан Қонаевқа көшірілмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

– «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаев қаласына көшіруге байланысты жағдаймен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және аталған нысанды қаланың балансына алуды тапсырды, – делінген жазбада.

Баспасөз хатшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар үйі көшірілмейтінін хабарлаған.

– Аталған жағдайға байланысты Президент Әкімшілігі қызметтік тексеріс жүргізеді.

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заң шеңберіндегі барлық құқығы толық сақталады, – деп толықтырған Руслан Желдібай.