Хлоракне – терідегі дабыл сигналы: диоксиндер тудыратын көрінбейтін қауіп

Теріде пайда болған бөртпе мен қара дақ – кейде жай ғана косметикалық проблема емес, ішкі қауіптің көрінісі болуы мүмкін. Бұл – ағзадағы жиналған уытты заттардың сыртқа берген сигналы. Диоксиндер – көзге көрінбейтін, бірақ адамның денсаулығына жылдар бойы зиян келтіретін химиялық у. Оны дер кезінде байқап, алдын алу – өмір сапасын сақтап қалудың кепілі. Хлоракне – сол жасырын қауіптің алғашқы белгісі.

Неліктен диоксиндер тіпті сау адамның ағзасында кездеседі? Олардың қайдан пайда болатынын, ағзаға қалай әсер ететінін және хлоракненің несімен қауіпті екенін ҚР ПІБ Медициналық орталығы жанындағы Референс-зертханасының Диоксиндер мен полихлорирленген бифенилдерді анықтау зертханасының меңгерушісі Манат Ахметов түсіндіреді.

– Манат Зарбатұлы, ең алдымен, оқырманға түсінікті болу үшін: диоксиндер дегеніміз не және олар қайдан пайда болады?

– Диоксиндер — құрамында хлоры бар, жоғары уытты органикалық қосылыстар. Олар табиғи жолмен емес, көбінесе өндірістік процестер кезінде, атап айтқанда, қалдықтарды өртеу, мұнай өңдеу, металлургия және ауыл шаруашылығында қолданылатын кейбір пестицидтер арқылы түзіледі.

Диоксиндер  ̶  қоршаған ортада өте төзімді және адам ағзасына ауамен, сумен, бірақ көбінесе тамақпен оңай енетін қауіпті  химиялық қосылыс.

– Бұл заттардың ағзаға қандай қауіп төндіретіні туралы кеңірек айтып өтсеңіз.

– Диоксиндер майда еритін болғандықтан, олар адам ағзасында, әсіресе май тіндерінде, бауырда, теріде және қанда жиналады. Олардың ағзадан жартылай шығарылу кезеңі 7 жылдан 11 жылға дейін созылады. Осы уақыт аралығында ағзада түрлі жүйелі бұзылыстар туғызуы мүмкін: ас қорыту, жүйке, жүрек-қантамыр, бауыр жүйелері бұзылады, тіпті гормоналды балансты өзгертіп, онкологиялық ауруларға дейін апарады. Ең бастысы — бұл әсерлерді адам көп жағдайда өте кеш байқайды.

– Диоксинмен уланудың ең ерекше белгісі — хлоракне екені айтылып жүр. Бұл нақты неден пайда болады?

– Иә, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, диоксинмен уланудың клиникалық тұрғыдағы ең сенімді және ерекше белгісі — хлоракне. Бұл – теріде пайда болатын қара нүктелер мен түйіндерге ұқсас, бірақ қарапайым безеуден әлдеқайда терең зақым келтіретін, емдеуге қиын, ұзаққа созылатын дерматологиялық өзгеріс. Ол диоксиндердің көп мөлшерде түсуінен кейін 10–20 күн ішінде пайда болуы мүмкін және көбіне бірнеше жылға дейін сақталады.

– Диоксиндер адам ағзасына қалай түседі? Оны болдырмау жолдары бар ма?

– Қазіргі кезде диоксиндердің 90%-дан астамы тағам өнімдері, әсіресе, ет, сүт өнімдері, балық пен теңіз өнімдері арқылы, яғни жанама жолмен ағзаға түседі. Сондықтан тағам қауіпсіздігі – бұл тек санитариялық қызметтің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ мәселесі.

Біздің ұсыныстарымыз:

– Хлоракнені дер кезінде байқау және алдын алу үшін не істеу керек?

– Егер адамда түсініксіз бөртпелер, ұзақ сақталатын қара нүктелер пайда болып, олар емге көнбей жатса, бұл жай косметикалық мәселе емес екенін ұғыну қажет. Мұндай жағдайда міндетті түрде токсиколог немесе тері дәрігеріне қаралып, уытты қосылыстарға анализ тапсыру керек. Біз зертханада диоксиндердің нақты түрлерін анықтай аламыз. Уақтылы диагностика – уланудың тереңдеуіне жол бермеудің басты шарты.

Диоксиндер – көзге көрінбейтін, бірақ ағзада жылдар бойы жинақталып, түрлі жүйелерге кері әсер ететін уытты заттар. Ал хлоракне – бұл ағзаның ішкі дабылы. Әрбір адам өз денсаулығына сақтықпен қарап, дұрыс тамақтануға, өнімнің сапасына назар аударуға тиіс. Ал бақылау мен талдау – арнайы зертханалардың міндеті.

Материалды ҚР ПІБ МО Референс-зертханасының Диоксиндер мен полихлорирленген бифенилдерді анықтау зертханасы ұсынды