Білім

Бірінші кезекте апатты мектептердің мәселесін шешуіміз керек – Абай облысының әкімі

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиынға облыстық басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, өңірлік департамент жетекшілері қатысты, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі

Отырыста білім беру нысандарының құрылысы және жөндеу жұмыстары, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардағы құрылыс, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің өзекті мәселелері қаралды. Білім беру нысандарының құрылысы және жөндеу жұмыстары туралы Құрылыс басқармасының басшысы Шыңғыс Риаханов пен Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Туленов баяндады.

Биыл облыста 2 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Семейдегі Қарағайлы ықшам ауданында 1200 орындық, Бесқарағай ауылында 300 орындық мектеп ашылды. Облыс орталығының Водный кентіндегі 600 орындық мектеп жаңа оқу жылында жұмысын бастайды.

Қазіргі уақытта өңірде екі мектептің құрылысы жалғасуда. Аягөз қаласындағы 600 орындық мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Шығыс кентіндегі 300 орындық мектептің құрылысы енді басталды. Сонымен қатар, аймақтағы 6 мектепке қосымша ғимарат салу көзделген. Семей қаласындағы екі мектептегі басталған жұмысты аяқтау үшін қосымша қаржы бөлу қажеттігі туындап отыр.

Жиында өңірдегі білім нысандарының материалдық-техникалық базасын жаңарту жайы да талқыланды. Биыл 2,9 млрд теңгеге облыстағы мектептерге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Оның 1,1 млрд теңгесі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қарастырылған. Семей қаласы, Аягөз, Бесқарағай, Жаңасемей, Үржар аудандарындағы 12 мектептің шатыр, электр жүйелері, есік-терезелері ауыстырылады. Бұдан бөлек 85 мектепте ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Отырыста бұл бағыттағы жұмыстардың кестеден кешігіп жатқаны айтылды.

Облыс әкімі жиында Құрылыс және білім басқармалары басшыларының ұсынған мәліметтерінің толық зерделенбегенін сынға алды. Аймақтағы мектептердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту бойынша нақты есеп, жүйелі сараптама жасалмай отырғанын айтты.

«Білім саласы бойынша алдағы үш жылда қанша мектеп саламыз? Соған байланысты неге нақты ұсыныс бермейсіздер? Облыста құрылысы басталып, түрлі себептермен тоқтап қалған нысандар бар. Сол нысандар бойынша да ешқандай ұсыныс жоқ. «20-дан астам мектептің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп жатырмыз» дейсіздер. Олардың құрылысын қаржыландыру негізделмеген. Біз бірінші кезекте облыстағы апатты мектептердің мәселесін шешуіміз керек. Семейдегі Водный кенті мен Аягөздегі мектептерді 1 қыркүйекте іске қосуымыз қажет» деді аймақ басшысы.

Әкімдік отырысында облыс әкімі салаға жауапты орынбасары Серік Төленбергеновке мектептердің құрылыс барысын қатаң бақылауға алып, жұмысты ілгерлету мақсатында «Самұрұқ-Қазынаның» өкілдерімен жұмыс жүргізуді, Білім басқармасына мектептердегі реновация және ағымдағы жөндеу жұмыстарын мерзімінде аяқтауды қамтамасыз етуді тапсырды. Аудан және қала әкімдеріне білім беру нысандарының маңында бей-берекет қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу міндеттелді. Мердігерлерге құрылыс қалдықтарын арнайы орындарға шығару талабы қойылады. Бұл талап орындалмаған жағдайда айыппұл салу шаралары қарастырылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button