Білім

Негізгі ҰБТ-ның аралық қорытындылары: Талапкерлердің 70%-ы шекті балл жинады

2025 жылғы 16 мамырда басталған негізгі ҰБТ басталғаннан бері 268 мыңға жуық тестілеу өткізілді. Талапкерлердің 74%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 26%-ы орыс тілінде және 221 адам ағылшын тілінде тапсырды, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

Министрлікте атап өткендей, бес аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 70%-ы шекті балл жинады.

«Бес пән бойынша орташа балл 66-ны құрады. Ең жоғары нәтиже – 140 балл – Түркістан облысынан Жәнібек Әбілхан бірінші аптада көрсетті.

Қазіргі таңда тестке қатысушылардың басым бөлігі, атап айтқанда, 18%-ы «Математика-Физика», 15%-ы «Биология-Химия» пәндер комбинациясын тапсырды. 14%-ы «Шығармашылық емтихан» комбинациясын таңдаған», – делінген хабарламада.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 649 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.

Сондай-ақ министрлікте мәлім еткендей, талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.

ҰБТ-ны өткізудің төрт аптасында 423 ереже бұзушылық анықталды.

«210 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 212 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды, ал 1 адамның сертификаты тестілеу бейнежазбасын тексеру нәтижесінде жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ.

2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады», – деп хабарлайды министрлікте.

Естеріңізге сала кетсек, тестілеуге қатысуға 216 мың талапкерден 399 мыңға жуық өтініш келіп түсті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button