Білім

Омбыдағы ҚазҰУ филиалы талапкерлер қабылдауды бастайды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Омбы қаласындағы филиалы талапкерлер қабылдауды бастайды

Құжаттар 2025 жылғы 20 маусымынан бастап, 31 шілдеге дейін қабылданады. Оқуға түскен алғашқы 50 талапкерге арнайы 100 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Болашақта Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің келісімі шеңберінде студенттерді оқыту үшін арнайы гранттар бөлінбек, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен 2024 жылғы 27 қараша күні ресми түрде ашылған.

«Ресейде тұңғыш рет іске қосылған қазақстандық жоғары оқу орнының филиалы жастарды заманауи талаптар мен өзекті бағыттарға сәйкес әзірленген бағдарламалар бойынша білім алуға мүмкіндік береді. Яғни мұнда «Халықаралық құқық», «Филология», «Кеден ісі» және «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярланады. Бұған қосымша тәжірибесі мол қазақстандық және ресейлік оқытушы-профессорлар, білікті ғалымдар дәріс береді. Оқу үдерісі қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Төрт жылдық оқуын тамамдаған соң түлектерге халықаралық стандарттарға сәйкес келетін диплом беріледі», – делінген хабарламада.

ҚазҰУ филиалы Омбы мемлекеттік университетінің базасында іске қосылған. Құжаттар Омбы қаласы, Фрунзе көшесі, 6 мекенжайында орналасқан Омбы мемлекеттік университеті бас ғимаратының 3-қабатында қабылданады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button