Білім

Астанада жекеменшік секторда білім беру саласы қалай дамып жатыр

Астанада білім беру саласындағы жекеменшік сектор белсенді түрде дамып келеді. Елордада заманауи әрі бәсекеге қабілетті оқу орындарын құруға инвесторлар тарапынан қызығушылық тұрақты түрде артқаны байқалады. Бұл сапалы білімге деген жоғары сұраныспен қатар, қаланың әлеуметтік және инфрақұрылымдық ортасын дамытуға деген ұмтылыспен байланысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Астана даму орталығының мәліметінше, 2023 жылдан бастап қалада сегіз жаңа нысанның құрылыс-монтаж жұмысы аяқталып, олар заманауи білім беру ұйымы ретінде пайдалануға берілді. Олардың қатарында халықаралық және мамандандырылған мектептер, мектепке дейінгі ұйымдар мен ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған түзету орталықтары бар.

Аталған жобаларға тартылған инвестиция көлемі 28,3 миллиард теңгені құрады. Бұл жекеменшік білім беру саласына деген инвесторлардың қызығушылығының артқанын көрсетеді.

Сонымен қатар, 900-ден астам жұмыс орны құрылып, жобалардың экономикалық тиімділігіне оң әсер етті.

Жобалар Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы мен Астана даму орталығының қолдауымен жүзеге асырылды. Инвесторлармен жұмыс «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізіледі, бұл әкімшілік кедергілерді азайтып, мемлекеттік органдармен өзара байланысты жеңілдетеді. Мұндай тәсіл әлеуметтік маңызы бар ұзақ мерзімді жобаларға мүдделі инвесторлар үшін Астананы тартымды етеді.

Бүгінде елордадағы жекеменшік білім беру ұйымдары жоғары деңгейдегі оқытумен қатар, заманауи әдістемелерді, балаларға жеке тәсілді және кеңейтілген қосымша дамыту бағдарламаларын ұсынады. Бұл жекеменшік білім беру саласының жаңа стандартын қалыптастыруға және елорданың даму жүйесіндегі маңызды буын ретінде оның орнын нығайтуға ықпал етеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button