
Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттарға баға қалыптастыру жүйесін ауқымды түрде қайта қарауда
Басты мақсат – препараттардың бағасын төмендету, олардың қолжетімділігін арттыру және пациенттердің қаржылық жүктемесін азайту. Бүгінде Қазақстанда шамамен 6 000 дәрілік зат тіркелген, деп мәлімдейді министрліктің баспасөз қызметі.
Министрлікте атап өткендей, шекті бағаны реттеудің жаңа тетігі мемлекет есебінен тегін берілетін дәрілерге – ТМККК мен МӘМС шеңберінде, сондай-ақ көтерме және бөлшек сауда арқылы сатылатын препараттарға қатысты қолданылады.
«Амбулаториялық және стационарлық емдеуге арналған тегін дәрілердің тізбесінде бағалар 19%-ға дейін, ал бөлшек сауда дәріханаларындағы бағалар 30%-ға дейін төмендейді» – деп хабарлайды министрлікте.
Жаңартылған тізбе мыналарды қамтиды:
— 3475 дәрі-дәрмектің және 2917 медициналық бұйымның атауы (ТМККК және МӘМС шеңберінде)
— 5936 препарат – көтерме және бөлшек саудаға арналған
Баға төмендеуінің орташа көрсеткіштері:
— 2222 дәрі атауы бойынша – 18%-ға дейін
— 1847 медициналық бұйым бойынша – 14%-ға дейін
— дәріханаларда 5492 дәрінің атауы – 30%-ға дейін
«Сонымен қатар, дәрілік заттың сауда атауына белгіленген шекті баға сол препаратқа бекітілген көтерме шекті бағадан аспайды. Шекті баға дәрілік заттың шығару түрі, дозасы, концентрациясы, көлемі мен қаптамасы, сондай-ақ өлшем бірлігі ескеріле отырып есептеледі» – делінген хабарламада.
Көтерме және бөлшек саудаға арналған дәрілік заттардың бағасы он референтті елдегі (Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Венгрия, Қырғызстан, Польша, Ресей, Словения, Түркия және Өзбекстан) өндірушілердің шекті баға көрсеткіштерінің орташа мәні негізінде есептелді. Бұл үшін Navlin Price & Access Data халықаралық базасының деректері пайдаланылды.
Қазақстанда өндірілетін дәрілік заттарға шекті баға белгілегенде, құрамында бірдей халықаралық патенттелмеген атауы, шығару түрі, дозасы, концентрациясы және көлемі бар импорттық баламаларға тіркелген бағалар ескеріледі.
«Жаңа тетік шеңберінде бағаға тұрақты мониторинг жүргізіліп, нарықтағы нақты жағдайға сәйкестігі тексеріліп отырады. Бұл – бағалардың себепсіз өсуіне жол берілмейтінін және кез келген алыпсатарлық немесе негізсіз баға көтеру әрекеттері жедел анықталып, жойылатынын білдіреді» – деп атап өтті министрлікте.
Жаңа баға реттеу тетігі елдегі дәрі-дәрмек нарығын ашық әрі тиімді етіп, медициналық көмекті қазақстандықтар үшін бұрынғыдан да қолжетімді етеді.